«ЖЕТІСУ ШОРО» — ДӘСТҮРЛІ СУСЫН

0

Таңғы сағат беске таяп, Әлжан ана ауылы әлі тәтті ұйқыда жатқанда, «Жетісу Шоро» ЖШС Қордай филиалының екі қабатты ғимаратында тіршілік қайнап жатады. Дәл осы жерде, үлкен қазандарда көпшіліктің сүйікті ұлттық сусыны — мақсым, шалап, квас дайындалады. Бүгінде бұл жазғы аптапта шөл қандыратын табысты бренд көшпенділер мұрасын жаңғыртқан, ұрпақтар сабақтастығының символына айналған және ауданымыз үшін пайдалы әлеуметтік-экономикалық жоба қатарында.

Мақсым — тамыры тереңде жатқан шипалы сусын. Тарихи тұрғыдан бұл қырғыз халқының мақтанышы, рецепті ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып аялап жеткізілген төл мұра. Оның заманауи, өндірістік тарихы 1990 жылы басталды. Сол жылы ағайынды Жұмаділ мен Табылды Эгинбердиевтер тәуекелге бел буып, үй жағдайында дайындалған мақсым тиелген алғашқы бөшкесін Ош және Аламедин базардарына шығарды. Халық табиғи дәмді бірден жоғары бағалап, бұл бастама үлкен табыс әкелді.

Екі жылдан кейін 20 қазан орнатылған алғашқы ресми зауыт ашылып, 1998 жылы сусын алғаш рет бізге таныс бөтелкелерге құйылып сатыла бастады. Содан бері кәсіпорынның бағы жанып, өндірісі өркендеп келеді.

Қордай жерінде «Жетісу Шоро» филиалының сәтті жұмыс істеп жатқанына 20 жылдан асты. Осы уақыт ішінде олар қазақстандықтар үшін өзгеше, әрі пайдалы өнім ұсынды. Мұнда аңызға айналған мақсымнан бөлек, сергітпелі шалап пен жергілікті халықтың көңілінен шыққан нан квасы өндіріледі.

Шипалы сусынның қалай дайындалатыны туралы кәсіпорынның бас технологы Бейбітова Зульфия Усманқызы егжей-тегжейлі айтып берді: «Мақсым — ГМО-сыз, бояғыштарсыз және ешқандай жасанды консерванттарсыз жасалатын, 100% табиғи өнім. Оның негізі — бидай, арпа және жүгері талқаны. Қазір Батыс елдерінде табиғи өнімдерге, салауатты өмір салтына сұраныс жоғары, біздің мақсым да осы заманауи талаптарға толық сай келеді. Ол ас қорытуды жақсартады, зат алмасуды реттейді, ағзадан токсиндер мен шлактарды тиімді шығарады. Сусынды кардиологтар мен эндокринологтар (әсіресе қант диабеті бар жандарға) жиі ұсынады».

Дайындау процесі — халықтық рецепттер мен нақты технологиялық тәртіптің нәзік үйлесімі. Алдымен қуатты моторлар іске қосылып, фракция қосылып таза су беріледі. Цехта екі негізгі құбыр бар: біріншісінен шалапқа, екіншісінен мақсымға қажетті су келеді. Су 90 градусқа дейін қайнағанда талқан салынады. Қоспа 1 сағат 10–15 минут бойы үзіліссіз араластырылып тұруы тиіс, бұл жұмысшылардан үлкен физикалық күш пен қырағылықты талап етеді.

Содан кейін дайын ыстық мақсым суыту үшін бірінші қабаттағы төменгі қазандарға түсіріледі, оған бидай, жүгері, арпа талқаны мен бидай ұны қосылады. Ең басты құпия — соңғы пісіру уақытын 15-20 минуттан асырмау (қоймалжың болып қалмауын қадағалау үшін). Арнайы мақсымға арналған ашытқыны құйып бір бөлігі келесі күнге қалады. Негізгі бөлігі бөшкелерде 6-7 сағат бойы ашытылып, кейін тоңазытқыш камераларына жіберіледі.

Шалап өндірісі де зор жауапкершілікті талап етеді: арнайы бөшкеде айран 2 градусқа дейін суытылып, кейін көмір қышқыл газымен байытылады. Технологтардың айтуынша, бұл газдалған шалап өзіне тән сергіткіш қасиеті мен халық сүйіп ішетін қышқылтым дәмін келтіреді.

Қордай ауданы үшін «Жетісу Шоро» ЖШС әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнестің үлгісіне айналды. Жазғы маусымда, салқын сусындарға сұраныс шырқау шегіне жеткенде, кәсіпорын жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтитын маңызды орталыққа айналады. Өндіріс — әр маманның еңбегі маңызды үлкен бір жүйе.

Бүкіл Қордай ауданы бойынша 16 фирмалық сауда нүктесі тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл тұрақты маусымдық жұмыспен, лайықты табыспен және әлеуметтік кепілдіктермен қамтылғанның көрінісі. Сондай-ақ, кәсіпорын жергілікті бюджетке салықты уақытылы төлеп, туған өлкенің көркейуіне өз үлесін қосуда.

Салауатты тамақтану мәдениетін дамытып, жергілікті өндіріске инвестиция салып және бабалар мұрасын сақтап отырған «Шоро» компаниясының дәстүрге адалдығы пайдаға кенелтуде.

Карима АХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.