Бала кезінен бокспен шұғылданып, темірдей тәртіпке үйренген Бауыржан табандылығы мен қайсар мінезінің арқасында биік белестерді бағындыруда. Кәсіпқой бокстағы барлық жекпе- жектерін мерзімінен бұрын айқын басымдықпен аяқтаған жерлесіміз әлемдік беделді BoxRec рейтингінің үздік ондығына еніп, отандық бокс тарихындағы тұңғыш курсант-боксшы ретінде есімін алтын әріппен жазды.
Ел тыныштығын күзетер болашақ офицер әрі көк туымызды көкте желбіреткен чемпионның өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан жас спортшының өмірбаяндық деректерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Бауыржан Әли 2005 жылы 7 маусымда Байзақ ауданы, Мырзатай ауылында дүниеге келген. Бокс әліппесін 7 жасынан бастап үйренген. Оның үлкен спортқа келуіне бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған әкесі Әділбек тікелей ықпал етіп, алғашқы бапкері ретінде бағыт- бағдар берді.