Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте бірқатар мәселелер қаралды.
Аймақ басшысы алдымен қатты дауылдың салдарын қайта қалпына келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын сұрап, сапалы әрі жедел орындалу керектігін баса айтты.
Талас және Сарысу аудандарының әкімдері жөндеу, реттеу шаралары бойынша қысқаша есеп берді.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев кеңестің күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз баяндамасында ағымдағы жылыту маусымының өту барысы туралы жан-жақты тоқталды.
Айта кетейік, ағымдағы жылыту маусымы өткен жылдың 10 қазанынан басталып, бүгінгі күнге дейін 91 тәулігі өткен. Жылыту маусымының аяқталуына шамамен 80 тәулік қалып отыр.
Басқарма басшысының айтуынша, облыс бойынша 9 негізгі жылу энергетика кәсіпорын және 565 автономды қазандық бар.
— Аталған жылу көздерімен 1 650 көпқабатты тұрғын үй, 782 білім, 388 денсаулық сақтау, 467 мәдениет, 81 спорт нысандары қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда отын-энергетика кешендері штаттық режимде жұмыс істеуде, диспетчерлік-апаттық қызметтері тәулік бойы өз жұмысын атқаруда, — деді Құдайберген Қорғанбаев.
Сондай-ақ, баяндамашы бүгінде Жаңатас, Қаратау қалаларындағы қазандықтар қалыпты күйде жұмыс істеп, тұрғын үйлерді жылумен үздіксіз қамтамасыз етіп отырғандығын атап өтті. Бұдан бөлек ол, Тараз және Қаратау, Жаңатас қалалаларындағы қазандықтарды резервтік отын түрімен жұмыс істеуі үшін қосымша жаңғырту жұмыстары қажеттігін жеткізді. «Жаңатас-Су-Жылу» МКК қазандығы бойынша табиғи газ отын түріне ауыстыру жолымен қайта жаңғырту жұмыстарына жоба-сметалық құжаты әзірленіп, сараптамадан өткізуге тапсырылған.
Шағын қалалардағы ішкікварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту, күрделі жөндеу бойынша жобалау жұмыстарын қолға алу да маңызды мәселеге айналып отыр.
Осыған айрықша назар аударған аймақ басшысы Үкімет тарапынан соңғы жағдайларды ескере отырып, жылу желілерін жаңғырту үшін республикалық бюджеттен қайтарымсыз нысаналы трансферт бөлу мәселесі шешілгенін, алайда соңғы жылдары тозған ішкі жылу желілерін жаңғырту бойынша жобалар мүлдем жоқтығын сынға алды.
Облыс әкімі алдағы уақытта ауа райы болжамына сәйкес күннің күрт суытуы және қатты жел күтілетінін ескертіп, барлық нысандарды толық дайындыққа келтіру керектігін баса айтты. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт салалары бойынша басқарма және жылу энергетика кәсіпорындарының басшыларынан жеке жауаптар алды.
Басқосудағы келесі мәселе бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков сөз алып, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы тоқталды. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын 770,7 мың гектар алқапқа орналастыру жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,7 мың гектарға артық. Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстарына қажетті 90,2 мың тонна тұқым көлемінің, бүгінгі күнге 76,4 пайызы қолда бар.
Нұржан Нұржігітов көктемгі егін дала жұмыстарын жүргізу барысында жанар-жағармайдың жеткілікті болуын, аудандарда кепілдендірілген дизель отынын тарататын операторлармен тиісінше меморандум жасалу керектігін атап өтті.
Ал, күн тәртібіндегі үшінші мәселеге сәйкес облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Ниязбеков, облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы, Жамбыл облысының бірыңғай диспечерлік қызметінің басшысы Бақкелді Тұрсынбек баяндама жасап, жергілікті атқарушы органдар мен басшыларының халықпен кері байланысының деңгейлеріне тоқталды. Баяндамашылар тұрғындар тарапынан түскен өтініштерге қала, аудан әкімдері және басқарма басшыларының берген жауаптарының сапасы мен мәселелердің шешілуіне, әлеуметтік желідегі белсенділігіне тоқталды.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мақсатын тағы бір еске салған облыс әкімі, оған немқұрайлы қараған жауапты тұлғаларды сынға алды. Осы тұрғыда кеткен кемшіліктерге сәйкес Тараз қаласының, Жамбыл, Жуалы, Байзақ аудандарының тиісті әкім орынбасарларына тәртіптік шара қаралатын болды.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі