АУЫЛДЫҢ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ – БАСТЫ НАЗАРДА

0

Аудан әкімінің жұмыс сапары сенбі күні Алға ауылдық округінде жалғасын тапты. Алдымен Бегзат Сейсенқұлұлы Мұзбел ауылындағы медициналық пунктің жұмысымен танысты.

Нысанның бүгінгі жай-күйі туралы АОА бас дәрігерінің орынбасары И.Черных егжей-тегжейлі айтып өтті. Заманауи талаптарға сай салынған нысанда жергілікті тұрғындардың ем-дом алуына барлық жағдай жасалған. Шалғай ауыл тұрғындары үшін мұндай медициналық мекеменің маңызы жоғары екендігін атап өткен аудан әкімі сапалы медициналық қызмет көрсетуге баса мән беруді ескертті. Осыдан кейін Көгадыр ауылындағы медициналық пунктің жұмысын бақылаған Бегзат Болатбеков нысанның қазандығын тексеріп, жауапты тұлғаларға жылыту маусымын сәтті аяқтау қажеттігін тапсырды.
Келесі кезекте аудан басшысы «Тас Алға» ЖШС-не барды. Қазіргі таңда мұнда 30 адам еңбек етуде. Серіктестік директоры Е.Сәттібаев аудан әкіміне кәсіпорынның жұмыс барысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бегзат Сейсенқұлұлы аудандағы қиыршық тас өндіретін кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Алға ауылындағы ветеринарлық, медициналық пунктерді, ауылдық кітапхана мен пошта бөлімшесін аралаған аудан әкімі аталған мекемелерде атқарылып жатқан жұмыстарға көз жеткізіп, өзекті мәселелерімен таныс болды.
Осыдан кейін Бегзат Болатбеков Алға ауылындағы «Бүлдіршін» жекеменшік балабақшасында болды. Мұнда аудандық білім бөлімі өкілдері және мекеме басшылығымен тілдесіп, мектепке дейінгі білім беру саласына қатысты маңызды мәселелерді талқыға салды.
Келесі кезекте Н.Смағұлов атындағы №34 орта мектепке ат басын бұрып, білім ошағының бүгінгі жай-күйінен, жылыту маусымының барысынан хабардар болды. Осыдан кейін аудан басшысы аталмыш мектепте жергілікті халықпен кездесу өткізді. Жиын барысында тұрғындар негізінен әлеуметтік мәселелер, ауылды көркейту, ауыл жұртының әл-ауқатын көтеруге қатысты жайттарды қозғады. Сонымен қатар, Бегзат Сейсенқұлұлы елді мекендегі тұрмысы төмен отбасымен кездесіп, мұқтаж жандарға тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.