Сейсенбі күні, әдеттегідей, аудан әкімдігінде аппараттық кеңес өтті. Аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары, газ шаруашылығының өкілдері қатысты. Күн тәртібінде бүгінгі күнге маңызды мәселе – жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды.
Бірінші кезекте ауданда газдандыру жұмыстарының барысы жайлы сөз қозғалды. ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Е.Амантаевтың айтуынша, қазіргі таңда 22 елді мекенде ауылішілік газ құбырлары тартылу үстінде. Газ құбырын тарту жұмыстарын жандандыру мақсатында бөлім тарапынан талдау жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша жыл соңына дейін жоспарланған газ кіргізетін үйлердің барлығын газға қосу бойынша өндірістік жоспар әзірленіп, аталмыш жоспар ауылдық округ әкімдеріне ұсынылды. Ауылдық округ әкімдері мердігерлермен бірге ұсынылған жоспарды түзеп, өз тараптарынан жоспарды бекітіп, оны бөлімге ұсынды. Жалпы 22 елді мекенде 10 741 аула бар екен. Бүгінгі таңда олардың ішінде газдандырылғаны – 4612 немесе 42,9%.
Аудан басшысы әрбір ауыл әкімін көтеріп, сұрақ астына алды. Сонымен бірге, ауылішілік газ құбырларын тартуға жауапты мердігер ұйымдардың өкілдері тыңдалды.
Жиын барысында қосымша іс-әрекет атқаруды талап ететін кемшін тұстар да анықталды. Мәселен, жұмыстағы кемшіліктер Қарасу ауылында бар екен.
Аудан басшысы жұмысты жандандыру қажеттілігін атап, ауылдық округ әкімдері мен мердігерлерге жауаптылық туралы ескертті.
-Ең алдымен бұл аудан тұрғындарына қатысты екенін естеріңізден шығармаңыздар. Жылыту маусымы жақындап келе жатыр, ешбір тұрғын жылусыз қалмауы керек, — деді Мәден Тоқтарбайұлы.
Содан кейін аппараттық кеңес өзге сұрақтарға ауысты. Оның ішінде аудан бойынша жаңа инвест-жобаларды іске қосу мәселесі талқыланды.
-Бірінші кезекте елді мекендерде осындай жобалардың пайда болуы ауылдық жерлерде әлеуметтік-экономикалық жағдайды көтеруге мүмкіндік береді. Сондықтан, біз бұған мүдделіміз, барлық қажетті мәселелерге мұқият болыңыздар, — деді аудан басшысы.
Естеріңізге сала кетсек, қазіргі таңда ауданда «ЭКО чикен» жобасы қосылу үстінде. Бірқатар кемшіліктерге қарамастан аталмыш жоба сәтті іске қосылған ауылдық округтер баршылық.
Ал, алға қойылған міндеттерін орындамаған ауылдық округ әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.
Сондай-ақ, жиын барысында келе жатқан Президент сайлауына дайындық барысы пысықталды. Осы орайда аудан әкімі саяси науқанның маңыздылығын атап өтіп, бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Тағы бір маңызды мәселе күзгі дала жұмыстарына дайындық бойынша ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Садырбаевқа тапсырма берілді.
Сонымен қатар, ауданның санитарлық тазалығы да тілге тиек болды. Естеріңізге сала кетсек, 1 қыркүйек күні абаттандыру бойынша екі айлық жарияланған. Мәден Мұсаевтың назарына ауданның барлық дерлік елді мекендерінде тұрмыстық, т.б. қалдықтардың үйінділері бейнеленген фотодәйектер ұсынылды.
Қаралған сұрақтар бойынша аудан басшысы нақты тапсырма беріп, олардың орындалу мерзімін белгілеп берді.