Кенен ауылында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай «Жыр алыбы – Жамбыл» атты әдеби кеш өтті. Шараны №42 мектептің орыс және ағылшын тілі мұғалімдері ұйымдастырды.
Әдістеме жетекшісі С.Барменкулова ақынның өмірбаянын таныстырса, пән мұғалімдері А.Жұманова мен Ж.Садықова видео ролик арқылы Жамбыл Жабаевтың өмірінен қызықты мәліметтерді оқушыларға жеткізді.
Кеш барысында оқушылар ақынның өмірі мен шығармаларын сахналық қойылым арқылы көрсетті. А.Садырбай мен И.Таңатар Сүйінбайдан бата алу сәтін сомдаса, 8 сынып оқушылары Ұ.Әнербек пен С.Талғат Айкүміс пен Жамбылдың айтысын сахналандырды.
Пән мұғалімдері А.Сүгірбаева мен Ж.Артықбаева Жамбылдың дәуірдегі басқа да ақындармен айтысын, сонымен қатар Қырғызстандағы ақын-жыраулармен өнерін шыңдағанын атап өтті.
Қатысушылар ақынның 1936–1945 жылдардағы шығармашылығы туралы мәлімет алып, оның жырларының 13 мың тармақтан асқаны жөнінде ақпараттанды. Оқушылар Жамбылдың өлеңдерін мәнерлеп айтып, әсіресе қоршауда қалған қала үшін жазылған «Ленинградтық өренім» атты өлеңді орындаған сәтте ерекше әсер алды.
Кеш соңында оқушылар облыстың Жамбыл атымен аталатынын мақтанышпен атап, көктемгі демалыста Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жамбыл мұражайына баруға ұсыныс жасады. Шараны қорытындылаған мектептің директордың орынбасары, тарих пәні мұғалімі Н.Оразалина кештің өте әсерлі өткенін жеткізді.
Ерсұлтан САҒЫНДЫҚ, 10 сынып оқушысы, Кенен ауылы