ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

0

Қордай ауданындағы «Балауса» балалар сауықтыру лагерінде жазғы демалыс маусымының салтанатты ашылуы өтті. Биыл да лагерь өз жұмысын бастап, алғашқы демалушылар легін қуанышпен қабылдады.

Жазғы маусым барысында мұнда балалар үшін мазмұнды әрі қызықты демалыс ұйымдастырылмақ. Әр күн спорттық ойындарға, шығармашылық және танымдық іс-шараларға, түрлі үйірмелер мен жаңа достар табуға толы болмақ. Лагерьдің басты мақсаты – балалардың демалысын тиімді өткізіп қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау.

Жалпы жаз мезгілінде «Балауса» лагерінде 1500-ге жуық бала демалуы жоспарланып отыр. Демалыс 5 ауысым бойынша ұйымдастырылып, әр ауысымда балалардың жас ерекшеліктері ескеріледі. Барлық қатысушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, балаларды лагерьге жеткізу үшін арнайы көлік қарастырылған.

Ашылу салтанатына Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл қатысып, балаларға сәтті демалыс, көтеріңкі көңіл күй және жарқын жаз тіледі.

«Жыл сайын лагерьде орта есеппен 1200 бала демалатын болса, биыл бұл көрсеткішті 1500 балаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Балалардың толыққанды демалысы үшін барлық жағдай жасалған: бассейн, спорт алаңдары және түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Қордай ауданының барлық аймақтарынан келген балалар жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлінеді. Биыл ауданның шығармашылық орталығының мамандары да балалармен тығыз жұмыс істеп, әр күнді ерекше әрі қызықты бағдарламалармен өткізуді жоспарлап отыр», – дейді лагерь директоры Еркін Тулеуов.

Лагерь аумағында балалардың қауіпсіздігі мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінген. Әр күн жаңа әсерлерге, достыққа және шығармашылыққа толы болмақ.

Балауса балалар сауықтыру лагері – балалар үшін тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар жаңа достар табатын, қабілеттерін дамытатын және жарқын естеліктер қалдыратын ерекше орта.

Жаз – балалық шақтың ең бақытты, ең жарқын кезеңі. «Балауса» лагеріндегі әрбір күн балалар жанында жылы естелік болып сақталсын!

Ұлжан БОЛАТҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.