«ЖЫР КЕРУЕНІ» — ҚОРДАЙ ЖЕРІНДЕ

0

Ауданға Жамбыл облыстық айтыскерлер, жыршылар және термешілер орталығы ұйымдастырған  «Жыр керуені» атты ғылыми-мәдени экспедиция келді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл төрағалық еткен басқосуда Жамбыл облыстық айтыскер ақын, жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков бастаған бір топ жыршы-термешілер мен өнер қайраткерлері Қордай аудандық мемлекеттік архивінің мәжіліс залында қордайлық дәстүрлі ән орындаушыларымен және жастармен кездесті.

 

Кездесу барысында ел ішінде сақталған көне мақамдар мен жыр шумақтарын жинақтап, қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізу қажеттігі айтылды.

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын, батырлар жырын, тарихи дастандар мен моральдық-дидактикалық нақыл термелерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші дәстүрлі өнер өкілдері, яғни жыршы-термешілердің  ұлттық құндылықтарды сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізудегі рөлі ерекше.

«Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын» сияқты көлемді эпостық дастандарды, батырлар жырларын күй немесе домбыра, қобыз әуенімен мақамдап орындайтын жыршылар болса, өмір туралы ой, адамгершілік, адалдық пен бірлік тақырыбындағы қысқа, нақылға толы термелерді өткір мақаммен айтатын термешілер қауымы халықтың тарихын, әдебиетін, тілі мен өнерін сақтау және дәріптеуге үлес қосып жүр. Елге танымал ақын, айтыскер және жыршы-термеші А.Өзбеков бастаған экспедиция құрамында айтыскер-ақын Айтмұханбет Исақов пен бір топ жас термешілер Жетісу жыр мектебінің мақамында ән-жыр орындап, кездесу мазмұнын аша түсті.

Халық ақыны, күміс көмей әнші композитор Кенен Әзірбаевтың ізі қалған киелі Қордай топырағының өкілдері де үнсіз қалмады. Атақты айтыскер Күміскүл Сәрсенбаева, облысқа танымал дәстүрлі әншілер  Еркінбек Құттықов, Ұлан Әшімов, Алдаберген Жолдасбаев, Ерхат Тәжібаевтар Кенекеңнің әндері мен ән-жырларды орындап берді.

Сонымен қатар экспедиция мүшелері ауданның жыр сүйер қауымымен пікір алмасып, дәстүрлі өнердің бүгінгі жай-күйі жөнінде ой бөлісті. Бұл ретте ел арасында сақтаулы ескі ән-жырлар, термелерді жинақтау, той мәдениетін дамыту, жастар тәрбиесі тәрізді мәселелер де қозғалды.

Жалпы, бұл жобаның басты мақсаты – қазақ халқының ұмыт болған фольклорлық мұрасын жинақтап, қайта жаңғырту.

Айта кетейік, экспедиция жергілікті тұрғындар арасында сақталған бірегей әуендер (көне мақамдар), өлең жолдары, ежелгі әндер мен өсиет хаттар жинақтарын іздестіріп, ауылдық өнерпаздармен тәжірибе алмасу, ауызша халықтық дәстүрлерді сақтау жолдарын талқылау және осы дәстүрлерді жас ұрпаққа жеткізуді көздейді.

Анжела ИЗАЕВА

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.