Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес. Әрбір отбасының өз құндылықтары болады — өзара сыйластық, қолдау, адалдық, түсіністік, үлкенге — ізет, кішіге — құрмет, ауызбіршілік, сенім арту, махаббатпен бөлісу. Отбасы -жас ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі. Отбасында өмірдің мәнін оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді, басқалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады, өзін-өзі ұстаудың нормалары мен мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Демек, отбасы — адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Жас ұрпақты отбасылық құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі.
Өкінішке қарай, статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Соңғы жылдарда еліміздегі тіркелген некенің саны азайып, ажырасулардың саны көбейген. Ажырасулардың кесірінен республика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылдап артуда. Бұл қазіргі қоғамның дерті. Әрісінде қаншама адамның тағдыры бар. Қаншама жас сәбидің көз жасы, көңіл наласы бар. Әкесіз тәрбиеленген ұл мен қыздың жарымжан тағдырына жалпы қоғам болып жауапты екенімізді ұмыта бастаған сыңайлымыз. Отбасында көптеген қолайсыз жағдайлар орын алуда, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара қарым-қатынастары бұзылып: отбасы өз тұрақтылығынан айырылып, айырылысу жиілеп қалыпты жағдайға айналуда. Балаларының ата-аналарына деген сенімдері кетіп, туыстар арасындағы даулар жиілеп, жанжалмен ұрып-соғулар орын алуда. Осындай тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларымен жұмыс жүргізіп, балаларын толыққанды отбасында тәрбиелену мақсатында қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталықтары мемлекетіміздің барлық қалалары мен аудандарында ашылуда, соның бірі Жамбыл облысы, Қордай ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2020 жылдың 19 қарашасы күні 15 төсек орын болып ашылды. Ашылған күннен бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп орталыққа қашып келуші әйелдер саны өсуде. Осыған байланысты 2023 жылдың қаңтар айынан бастап 6 төсек қосылып, 21 төсек орынға көбейтілді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп келген әйелмен алдымен Қордай аудандық полиция бөлімі ӘЗЗҚ тобының инспекторы мен әлеуметтік қамсыздандыру ісін басқаратын мекеме қызметкерлерінің бірі және орталықтың психолог мамандары арнайы құрылған комиссия тобы бірлесіп, әйелде күш көрсету, психологиялық, экономикалық, сексуалдық зорлық-зомбылық түрлері танылып, бағалау парағынан өткен соң орталыққа қабылданады. Орталыққа қабылданған әйелдер мен балаларға 8 бағытта қызмет түрлері көрсетіліп, психологиялық, еңбек терапиясы, мәдени іс-шараларға қатыстырылады. Балаларды мектепке, балабақшаға тегін орналастырып қосымша үйірмелерге орналастыру жұмыстары жүргізіледі. Төрт мезгіл ыстық тамақ беріліп, ең қажетті киімдер, жеке гигиеналық заттар беріліп, үй жағдайындағыдай еркін жүріп-тұруға мүмкіндік жасалған.
Орталықтың басты мақсаты отбасының қайтадан қосылуларына ықпал жасап, артынан іздеп келген туыстары және жолдасымен ақсақалдар алқасы, әйелдер кеңесі, Дін проблемалар басқармасының теолог инспекторлары, Қордай ауданының бас имамдарымен бірлесе жұмыс жүргізіп, қайтадан өз отбасыларына оралуларына ықпал жасалуда.
Бүгінгі күнге орталықта 4 әйел, 10 бала қызмет алуда. Отбасы тәрбиесінің негізгі мәні отбасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністік болып табылады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» дегендей, бала — ата-анасының айнасы. Сондықтан бойымызды, ойымызды қазіргі сәттен түзесек, айнала болып жатқан зорлық-зомбылықпен күресуге атсалыссақ, ертеңгі күнімізге сеніммен қадам басуға болады.
Г.НУРКЕЕВА, әлеуметтік педагог