10 сәуір күні Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің акт залында қарымды қаламгер, дарынды журналист, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, журналистика ардагері Баттал Жаңабайұлының туғанына 95 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
Жиынды Қордай аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Ақмарал Қонбаева ашып, жүргізіп отырды.
Шараға аудандық тілші, хатшы, «Шу өңірі» газетінің қызметкері, бас редактор-директоры болған Ахметжан Қосақов, Жамбыл облысының үздік журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Құрманбек Әлімжан, ұлағатты ардагер ұстаз Бақыт Байжігітов, Қордай ауданы білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, Шу аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Асқарбек Айғаным, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің директоры Мұхтар Байбеков қатысып, сөз сөйледі. Сонымен қатар, жиынға мектеп оқушылары да қатысып отырды. Олардың арасында болашақта журналист боламыз деп, сол мамандықтың қыр-сырын зерттеп, өздерін қызықтырған сауалдарды жолдап отырған белсенді қыздар да болды. Ахметжан Ақбұқаұлы қарымды қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жөнінде әсерлі әңгіме баяндап берді.
Өмірі өнегеге толы дара тұлғаны былтыр сұм ажал ортамыздан алып кетті. Көзі тірі болғанда, биыл торқалы 95 жасқа толар еді. Амал нешік, жалғанның жазмышы ол күнді көруге жазбапты. Алайда Баттал Жаңабайұлының есімі ел жадынан өшпесі анық. Жамбыл журналистерінің бірнеше буынына ұстаз болған арда азамат еліне қалтқысыз қызмет етті. Әсіресе, облыс руханиятының жандануы жолында еткен еңбегі өлшеусіз. Оның ширек ғасырға жуық облыстық «Ақ жол» газетін басқарған жылдары басылымның жасампаздыққа толы алтын дәуірі еді.
Келелі жиын барысында көпшілік қауым Баттал Жаңабайұлының жұбайы Фарида Алтаеваның бейнежазбасын тамашалады. Фарида Алтаева онда жұбайының өңі қатал болғанымен, жүрегі өте жұмсақ, мейірімді адам болғанын, балаларына, немерелеріне деген ыстық лебізін білдіріп жүргенін есіне алды. Содан соң қатысушылар қаламгердің немере келіні Сураншиева Ақтотымен «Zoom» қосымшасы арқылы байланысқа шығып, бірнеше сұрақтарға жауап алды. Ақтоты Сүйіндікқызы да Баттал Жаңабайұлының жаны жайсаң адам болғанын айтып берді.
Ұлағатты ардагер Бақыт Оразайұлы Баттал Жаңабайұлына арнап шығарған өлеңін оқып, Қордай жеріміз туралы домбырамен ән орындап берді.
Кеш соңында білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков жиынға қатысушыларды Алғыс хаттармен марапаттады.
Мадина Узбекова