«ҚАЗАҚ ТІЛІН КЕЗ-КЕЛГЕН ЖАСТА ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ»

0

Еліміздің әрбір азаматы өзінің тілі мен дініне, ұлтына қарамастан, мемлекеттік тілді білуі тиіс. Өйткені, қазақ тіліне құрметпен қарау, мәртебесін көтеру өз қолымызда. Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі Мемлекет басшысының халыққа Жолдауларында жыл сайын көрініс табатын өзекті тақырып. Жуырда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да  Президент қазақ тілінің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекет саясатының басты бағыты болып қала беретінін атап өтті.

Соңғы жылдары Қордай ауданында қазақ тілін оқыту  мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы тұста 2020 жылы ашылған аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-сі үлкен жұмыс атқаруда, деуге толық негіз бар. Орталық директорының м.а. А.Әшімханның айтуынша, қазіргі таңда орталықта мемлекеттік тілді үйрену үшін барлық жағдай жасалған. Техникалық базасы жеткілікті. Облыс орталығына барып білімдерін толықтырып келген мамандары өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуда біраз жетістіктерге жеткен. Жыл басынан бері мемлекеттік тілді оқыту курстары бойынша 493 тыңдаушы, 36 топ қамтылыпты. Ауқатты ауылынан 89 тыңдаушы, Бұлар батыр ауылынан 15 тыңдаушы, Бәйтерек ауылынан 15 тыңдаушы, Қордай ауылынан 87 тыңдаушы, Масаншы ауылынан 140 тыңдаушы, Қайнар ауылынан 22, Жамбыл ауылынан 25, Степное ауылынан 26, Сортөбе ауылынан 44, Қарасу ауылы бойынша 30 тыңдаушы. Олардың ішінде 423 тыңдаушы өзге ұлт өкілдері, атап айтатын болсақ, орыс-61, неміс-1, татар-1, ұйғыр-6, өзбек-1, күрді-3, дүнген-278, қырғыз-13, кәріс-1, түрік-8, әзірбайжан-50.

«Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын дамыту мақсатында тұрақты түрде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Жыл басынан бері өткізілген шараларға тоқталатын болсам, 2024 жылдың 26 қаңтарында Масаншы ауылы «Ботақан» бөбекжайында тілдерді оқыту орталығының тыңдаушыларынан құралған «Шаңырақ» клубының алғашқы отырысын өткіздік. Клуб мүшелері өзара танысып, тіл үйрену тәсілдерімен бөлісіп, түрлі сұрақтарға жауап беріп, қазақ тілді орта қалыптастырды. 2024 жылдың 19 ақпан күні «Тіл мен ұлт егіз ұғым» тақырыбында ашық сабақ өткіздік. Ашық сабақ әнұранды шырқаумен басталып, сабақ барысында заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы сабақтың тақырыбын, жаңа сөздердің мағынасын түсіндірдік. Тыңдаушылар тіл туралы пікір білдіріп, мақал-мәтелдердің мағынасын ашып, топтық тапсырмалар орындады. Сабақ барысында қазақ халқының және түрлі этнос өкілдері туралы түсінік берілді. 21 ақпан – Халықаралық ана тілі күніне орай этнос өкілдерімен «Мемлекеттік тіл — этностарды біріктіруші фактор» тақырыбында Степное ауылы, М.Әуезов атындағы мектептің тыңдаушыларымен дөңгелек үстел өткіздік. Тыңдаушылар тіл туралы өз пікірлерімен бөлісіп, мақал-мәтелдер айтып, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттады. Бұдан бөлек,  8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік іс-шара өткіздік. Орталық тыңдаушылары аналарына деген махаббаттарын қазақ тілінде жеткізіп, аналарына арнап ән айтып, өлең жолдарын оқыды. Жалпы біздің өткізетін іс-шаралар тыңдаушылардың қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттыра түседі, туған жерін, тілін сүюге, еліне деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға, мемлекеттік тілдің маңызын терең түсінуге ықпал етеді», — дейді орталық директорының м.а. А.Әшімхан.

Аудандық тілдер орталығында қазақ тілін тегін үйреніп, бүгінде мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлеп жүрген өзге ұлт өкілдерінің бірі – Юхур Санюра. Дүнген ұлтының өкілі 2021 жылы аудандық тілдер орталығына келіп, қазақ тілін үйрене бастаған. Екі жылдың ішінде B-1(орта), B-2 (ортадан жоғары) деңгейін  аяқтап, мемлекеттік тілді толық меңгеріп шығыпты. Қазір Юхур Санюра Масаншы ауылындағы «Ботақан» бөбекжайында тәрбиеші болып жұмыс істеуде.

–       Алғашында сөйлем құрау, сөздерге жалғауларды дұрыс жалғау қиынға соқты. Уақыт өте келе, көбірек тәжірибе жинап, қатесіз сөйлеп-жазуды үйрендім. Бұл ретте маған қазақ ақын-жазушыларының әдебиеттері көп көмек болды, деп айта аламын. Мұқағали Мақатаевтың, Абай Құнанбаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларын оқып тұрамын. Биыл педагогтер арасында өткен «Үздік педагог -2024» байқауына қатысып, бағымды сынадым. Сонда қазылар алқасы менің қазақ тілімде сөйлеу деңгейіме жоғары бағаларын берген болатын, сайыстан 2-орынды иелендім. Бұл мен үлкен қуаныш болды. Қазақстанда тұратын азаматтарға айтарым, қазақ тілін кез келген жаста үйренуге болады. Ең бастысы – ынта мен еліңізге деген құрмет болса болғаны, — дейді Юхур Санюра.

Ал 16 жасар Амина Хурованың қазақ тіліне деген ықыласы мектеп табалдырығын аттаған сәттен басталған. Қыздарын қазақ сыныбына беру – ата-анасының шешімі болыпты. Бұл үшін Амина әкесі мен анасына шексіз алғыс айтады.

–       №18 Әлия Молдағұлова атындағы орта мектебінде оқыдым. Қазір «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінде білім алып жатырмын. Қазақ тілінде оқысам да, біз үйде, достарымның арасында дүнген тілінде сөйлесеміз. Сол себепті қазақ тілінде ойымды жеткізу қиынға соғатын. Мемлекеттік тілді толық үйрену үшін қазір тілдерді оқыту орталығына қазақ тілі курсына барып жүрмін. Мен Қазақстан Республикасының азаматшасы ретінде өзіміздің мемлекетте адал қызмет еткім келеді. Қазіргі таңда «Бастауыш білім беру» мамандығында оқып жатырмын. Болашақта қазақ тілін жетік меңгерген, Отанына адал жеткіншектерді тәрбиелеп, оларды мәдениетті тұлға ретінде жетілдіргім келеді. Мемлекеттік тілді үйрену тек қажеттіліктен туындамайды, сонымен қатар адамның өзінде қызығушылық болуы керек деп ойлаймын. Сонда тілді үйрену оңай әрі қызық болады,-деп бөлісті болашақ ұстаз.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.