Қазақ тілін меңгерудің тиімді жолдары

0

Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан – ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Бейсенбі күні облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бірлесуімен, «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» әдістемелік тәжірибе алмасу семинарын өткізді. 

Ата Заңымызда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп айқын жазылған. Оны білу, құрметтеу – барша қазақстандықтардың асыл борышы, басты парызы. Республикамызда тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс қимыл жоспарына сәйкес, Тілдерді оқыту мәселесіне байланысты «Жетілдірілген әдістемемен мемлекеттік тілді оқыту курстарынан өткендер саны» деген индикатор белгіленген. Соған сәйкес, мемлекеттік тілді үйренушілер санын ағымдағы жылы 4000 адамға жеткізу жоспарланған. Бүгінгі күні 3885 тыңдаушы тартылған. Жыл қорытындысымен белгіленген меже орындалады деп күтілуде. Қазіргі уақытта Қордай ауданы бойынша мемлекттік тілді оқыту курстарынан – 1397 адам өткен. Оның 89,2%-ы (1247 адам) өзге этнос өкілдері.

Ауқымды семинарға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Е.Жүнісбай, аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай, тілдерді оқыту орталығының бөлім басшысы Ш.Бахытбек, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Балпукова, «Тілдерді оқыту орталығының» директоры Б.Ыбышева, «Тілдерді оқыту орталығы», Жуалы аудандық бөлімшесінің қазақ тілі курсының оқытушысы Ж.Андасбек және өзге этнос өкілдері қатысты.

«Облыста қазіргі тілдік ахуал қазақ тілінде сөйлейтіндердің басымдығымен сипатталады. Осы орайда, іс жүзінде этнос өкілдерінің өзара сөйлесу тілін қазақ тіліне айналдыру қажет. Әрине, сіздер ҚР Ұлттық стандартына сәйкес арнайы бағдарламамен оқытатындықтарыңыз белгілі. Алайда, тіл үйрету сабақтарының басым бөлігін қарапайым әдіс арқылы, ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыру бағытында жүргізуді ұсынар едім. Мысалы, этнос өкілдеріне тілдік орта қалыптастыру, қазақ тілін сөйлеу арқылы тез меңгеру мақсатында «Шаңырақ», «SOILE» сияқты жобаларды көптеп жүзеге асыру қажет. Осы орайда басқарма тарапынан сіздерге әдістемелік көмек ретінде қазақ тілін ересек тұрғындарға оңай әрі жылдам үйретудің әдіс-тәсілдерімен бөлісу үшін семинар ұйымдастыруды жөн көрдік. Ендеше, алдағы уақытта тіл саясатын дамытудағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», — деді басқосуда сөз алған Ерлан Нұрманұлы.

Келесі сөз кезегі аудан әкімінің орынбасарына ұсынылды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс, — деген болатын. Мемлекеттік  тілді  үйренуге  деген  құлшынысты  қолдап, көпұлттық ауданымызда осы  салада  біраз  істер  атқарып  отырған  бөлім мен мекемелердің еңбегі ұшан-теңіз екенін атап өткім келеді. Соған сәйкес, тұрақты тілдік ахуал қалыптасып келеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен қолданыс аясын кеңейтуге арналған әртүрлі бағыттағы шаралар дәстүрлі түрде жалғасын табады деген сенімдеміз. Жүйелі жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!», — деді Дамира Маратқызы.

Одан әрі, тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері мен тілдердің оқыту орталықтары оқытушыларының жетекшілігімен, қазақ тілін игеремін деп мақсат қойған өзге этнос өкілдеріне ой өрісті кеңейтетін тапсырмалар беріліп, түрлі деңгейдегі семинар-тренингтер өткізілді.

Осыдан кейін, тағылымы мол шара Масаншы ауылында ұласып, сала мамандары  «Ертөстік» балабақшасы, «Қордай» құран қариларын дайындау орталығы мен ауылдық мәдениет үйіне ат басын бұрды.  Дәл осы мақсатта шара барысы Сортобе ауылдық округінің «Имамдар» үйінде жалғасын тапты.

Өңірде мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, Тілдерді оқыту орталығы оқытушыларымен өзара тәжірибе алмасу, қазақ тілін оқытуды жетілдіру, сондай-ақ, мемлекеттік тілдің одан әрі дамуы мен практикалық қолданылуын ынталандыруды жүзеге асыру семинардың басты мақсаты.

«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», деп халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, кез-келген халықтың мәңгілік болып қалуы – оның ана тілінің сақталып қалуында болса керек. Тіліміздің жағдайы тұрақталып, өрісі кеңейе берсін демекпіз!

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.