ҚОРЖЫНДА БІР АЛТЫН, ҚОС КҮМІС

0

Кикбоксинг – 1960 жылдары пайда болған жекпе-жектің түрі. Ағылшын тілінен аударғанда «kick» аяқпен тебу, «boxing» – бокс деген мағынаны білдіреді. Спорттың бұл түрі каратэ, таэквондо, муай тай (тай боксы), ушу және ағылшын боксы сынды шығыс жекпе-жек өнеріне негізделген. Классикалық кикбоксинг ережелеріне сәйкес, жекпе-жек барлық деңгейде толық байланыста өтеді, яғни, соққылар бас пен денеге қолмен де, аяқпен де қолданылады.

Елімізде кикбоксингпен кәсіби түрде айналысатын жандар саны артып келеді. Қордайлық спортшылардың да жекпе-жектің бұл түріне деген қызығушылығы ерекше. Бүгінгі таңда кикбоксшыларымыз жоғары деңгейде өнер көрсетіп, әлемдік аренада өздерін лайықты түрде танытуда. Жалпы Қордай жері спорттың қай түрінен болса да мықты спортшыларға бай өлке.
30 қыркүйек пен 9 қазан аралығында Лидо-ди-Езоло қаласында (Италия) кикбоксингтен жастар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Жарысқа Әзірбайжан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, АҚШ, Словакия, Германия, Мавритания, Польша, Түркия, Франция, Украина, Сербия және басқа да көптеген елдерден спортшылар қатысты. Аталмыш спорт додасынан қордайлық команда 1 алтын және 2 күміс медальды қанжығасына байлады.
Италия төрінде өткен жарыста Қордай ауылындағы №18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Ислам Маянху қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, финалға шықты. Дегенмен, жеңіске жетуіне азғантай ұпай жетпей қалған. Нәтижесінде, Ислам 57 келі салмақта екінші орынды иеленді. «Ислам осы жекпе-жекте өзін жүз пайыз көрсетті, қарсыласына дес бермеуге тырысты. Дегенмен, бұл жолы тек күміске қол жеткіздік. Енді бізге босаңсуға болмайды, күрес техникасы мен тәжірибені жақсарту бойынша жұмысты жалғастыру керек»,-дейді спортшының бапкері Шәкір Малиев.
Ал №17 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Насыр Талғаттың тәрбиеленушілері Исмаил Лушанло алтын иеленіп, Әлем чемпионы атанса, Шамиль Фушанло екінші орыннан көрініп, чемпионаттан күміс медальмен оралды.
Білекті те жүректі спортшыларымызға жаңа жеңістер тілейміз, осылайша өз табыстарымен қуантып, ауданымыздың намысын абыроймен қорғай берсін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.