Тігіншілікпен табыс тапқан

0

Степное ауылының тұрғыны Дана Сатымбекованың тігін ісіне деген қызығушылығы бүгінде негізгі табыс көзіне айналған. Қазір он саусағынан өнер тамған ше- бер өз клиенттеріне ұлттық нақыштағы ерекше жастықтар мен көрпелер тігіп, көңілдерінен шығуда.

Дана бала кезінен қолөнерге жақын болып өсті. Ескі тігін машинасында қуыршақтарына көйлек тігіп, жұмыс барысынан шынайы ләззат алатын.

Ісмерге тігіншілік қабілет әжесінен дарыса, теориялық әрі практикалық білімді өз бетімен меңгерген. Бұл істе оған YouTube қосымшасы көмек болды.

Бірде интернетте «patchwork» техникасында жасалған әдемі жастықтар мен көрпелердің суреттерін көргеннен кейін, ол өзін осы бағытта сынап көруді шешті. Жаңа тігін техникасын үйреніп, материалдармен тәжірибе жасап, ерекше бұйымдар дайындай бастады.

Ойлана келе Дана тәуекелге бел буып, тігін машинасын несиеге алып, жеке кәсібін бастап кетті. Осылайша үш жылдан бері тігіншілікпен айналысып келеді.

— Көрпелер мен жастықтар тігуді бастағаннан кейін, Инстаграм желісінде парақшамды ашып, оны «Құрақ көрпеше Қордай» деп атап, белсенді жүргізе бастадым: өзімнің жұмыстарымды посттар мен стористерге жүктедім. Бір айдан кейін маған қыз жасауына алғашқы тапсырыс келіп түсті. Бойымда қорқыныш, толқу болған жоқ, өйткені мен өзіме сенімді болдым. Тапсырыс Атырау қаласынан келіп түсті. Тапсырысты аяқтаған соң клиентке жібердім. Ол менің жұмысыма ризашылығын білдіріп, фото есептер, алғыс сөздері бар дауыстық хабарламалар жіберді. Тапсырыс берушінің алғысы мен үшін үлкен марапат болды», — дейді Дана Айыпқанқызы.

Бірте-бірте 32 жасар қолөнершінің шеберлігі артып, ол таныстары мен достарынан тапсырыс ала бастады. Оның өнімдері көркемдігімен, жоғары сапасымен және даралығымен ерекшеленді. Бұл оған тапсырыс берушілердің санын көбейтуге әрі табысын арттыруға мүмкіндік берді. Қалыңдықтарға арналған қыз жасауларына тапсырыстар тек Қордай ауданынан ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен де келіп түседі. 3 айдың ішінде кейіпкеріміз көпшілікке танымал екі блогерге керемет көрпелер мен жастықтар жасап берген екен.

Ине мен жіпті серік еткен ісмер қолынан шыққан әр бұйымына бар махаббатын, ықыласын арнап жасайды. Көздің жауын алар көрпе-жастықтардың тапсырыс иелерінің көңілінен шығатыны да сондықтан.

Дана Сатымбекова кәсібін дөңгелетін отырған іскер әйел ғана емес, үш ұл мен қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана да. Әрбір қыз баласының қолынан іс келуі керек, деп санайтын ол 8 жасар қызына қазірден бастап тігіншіліктің қыр-сырын үйретуде. «Ана көрген тон пішер» демекші, мүмкін болашақта қызы да
қолөнердегі жетістіктерімен мақтанар.

Дана жаны қалаған әрі халықтың алғысын арқалаған іспен айналысқанына өте қуанышты. Алайда, қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, болашақта өз қолөнер мектебін ашуды армандайды. Онда жас қыздарға өнердің қыр-сырын үйретуге дайын. «Бұл орайда мемлекет тарапынан қолдау болса жақсы болар еді», — дейді тігінші.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.