Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Бегзат Болатбековтың төрағалығымен Қордай ауданында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, аумақтық мекемелердің жетекшілері қатысты. Күн тәртібінде екі маңызды мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Ш.Бейсенбаева баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы мәлімет берді. Аудан әкімі орталықтың материалдық-техникалық жағдайына, қызмет сапасына қатысты бірқатар нақты сұрақтар қойды.
Екінші мәселе бойынша Қордай аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының орынбасары М.Біржан ювеналдық полиция жұмысы және «Жас сақшы» жобасының орындалуы жөнінде ақпарат ұсынды. Баяндамадан кейін аудан әкімі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы шаралар, полиция мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара байланыс, сондай-ақ ювеналдық полиция қызметіндегі өзекті мәселелерге тоқталды.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Әшірбековке мектептердегі қауіпсіздік деңгейі бойынша сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, бейнебақылау камераларының, турникеттердің, дабыл түймелерінің жұмыс істеуі және күзетпен қамтылу мәселелері көтерілді. Аудан әкімі мектептермен қатар барлық әлеуметтік нысандар мен жеке балабақшалардың да қауіпсіздік деңгейін зерделеу қажеттігін атап өтті.
Осыған орай, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия хатшысына ювеналдық полиция және өзге де уәкілетті органдармен бірлесіп, жақын арада зерделеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Аудан әкімі атап өткендей, қылмыстың кез келген түрінің алдын алу – ортақ міндет. Осы мақсатта «Қордай – Қауіпсіз аудан» бағдарламасын 2026–2027 жылдарға қайта қарау, полиция бөлімімен бірлесіп рейдтік іс-шараларды жандандыру, жастар мен қарттар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ