БАСТЫ НАЗАРДА – БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН АМАНДЫҒЫ

0

Бала өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Осы өзекті мәселелер Қордай ауданы әкімдігінде өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның отырысында кеңінен талқыланды. Жиын жұмысына Жамбыл облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Даурен Бағжанов қатысты.

Отырысты аудан әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандардың іс-тері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Нұрболат Сатымқұл жүргізді. Басқосуға комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, ауылдық округ әкімдері және денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты.

Айта кету керек, жиын басталар алдында бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл бастаған жұмыс тобы жазғы демалыс орындарына мониторинг жүргізді. Рейд барысында балалардың шомылу маусымындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тексеру қорытындысы бойынша су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған ұсыныстар айтылды.

Отырысты ашқан Нұрболат Сатымқұл кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың құқықтарын қорғау жұмыстары жүйелі әрі кешенді сипатта жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

Негізгі баяндамамен комиссия төрағасы Нұрболат Сатымқұл сөз сөйледі. Оның айтуынша, аудан әкімдігінің тапсырмасына сәйкес жыл басынан бері мобильді топтар тәуекел тобындағы отбасыларды зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Аудандық полиция бөлімінің профилактикалық есебінде тұрған отбасылардан бөлек, тәуекел санатына жататын 282 отбасының әлеуметтік картасы жинақталған.

Сондай-ақ барлық ауылдық округтерде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың қараусыз және панасыз қалуына жол бермеу, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында жұмыс жүргізетін мобильді топтар құрылған.

Балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да ерекше атап өтілді. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 20-25 мамыр аралығында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «Қозғалыс қауіпсіздігі» акциясы өткізілді. Шара аясында әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар жарияланып, тұрғындар арасында жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы 245 жадынама таратылды.

Комиссия жұмысы аясында атқарылып жатқан шаралар туралы комиссия хатшысы Алина Почуева да баяндама жасады.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және олардың бос уақытын тиімді өткізу болды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжанов білім беру ұйымдарының жазғы кезеңге дайындығы, оқушылардың демалысын ұйымдастыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру тақырыбын жалғастырған аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Балпукова аудан балалары мен жасөспірімдерін қамтып отырған шығармашылық үйірмелер мен мәдени-демалыс бірлестіктердің жұмысы жөнінде ақпарат берді. Ал аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айжан Қазығұлова жас ұрпақты спортқа баулу және бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Талқылау барысында қатысушылар қазіргі балалардың қызығушылықтарын арттыру, оларды пайдалы істерге тарту және қабілеттерін дамытуға қолайлы жағдай жасау жолдары жөнінде пікір алмасты. Әр балаға жеке көзқарас қалыптастырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Балаларға қатысты мәселелерде формалды көзқарасқа жол берілмеуі тиіс деген ортақ ой барлық баяндамалар мен пікірлердің өзегіне айналды. Өйткені әрбір есептің, әрбір көрсеткіштің және әрбір іс-шараның артында балалардың тағдыры, қауіпсіздігі, денсаулығы мен болашағы тұр. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімінің өкілі Анастасия Басованың баяндамасы тыңдалды.

Ол жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты баяндады.

Отырысты қорытындылаған Даурен Бағжанов балалардың құқықтарын қорғау мәселесіндегі ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, қауіпсіз әрі бақытты балалық шақты қамтамасыз ету мемлекет пен қоғамның, сондай-ақ әрбір ересек адамның ортақ міндеті екенін жеткізді.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.