«ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕРУЕНІ» ҚОРДАЙДА

0

Қазақстанның Іскер әйелдер Қауымдастығы бастамасымен дәстүрлі «Қайырымдылық керуені» Республикалық байқауы соңына жетті.

Жобаның мақсаты – қайырымдылық идеяларын дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту. Байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатысқан болатын.

Өткен бейсенбіде Қордай ауданы әкімдігінде аталмыш байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, онда Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы және аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Айман Әшімова номинация иегерлерін марапаттады.

Атап айтатын болсақ, «Мейірімділік жолында» номинациясына аудандық «Жастар ресурстық орталығының» маманы Әлімходжа Хусейн Мұхаметұлы ие болды. Ол әрдайым қайырымдылық шаралардың қасынан табылып, өзінің тамаша ұйымдастырушылық қабілетімен танылған. Еріктілер жұмысына да тың серпін беріп жүрген жігерлі жас марапатқа әбден лайық. Сонымен қатар, «Асар» номинациясы бойынша Қордай ауданы аумағында отбасымен бірге Этноауыл ашып, ұлттық тағамдар, оның ішінде қымыз өніміне басымдық берген Максат Барманқұл ие болса, «Қайырымдылық тарихы» номинациясы бойынша 90 жылдық тарихы бар, қайырымдылық шаралардың жаршысы болып жүрген аудандық «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» газеті марапатталды. Марапат газеттің директоры-бас редакторы Шолпан Сабановаға табыс етілді. «Бір жылдың өзінде қайырымдылық тақырыбында арнайы айдарлар ашып, 30-дан астам мақалалар топтамасын жариялап келе жатқан газет ұжымының еңбегі ерекше деп ойлаймыз», — деді өз сөзінде Айман Әшімова.

Барлық жеңімпаздарға арнайы статуетка мен бағалы сыйлықтар ұсынылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.