ҚАНАТ ЖАЙҒАН КООПЕРАТИВ

0

Елімізде елді мекендердегі кооперативтерді жандандыру жұмыстары кең көлемде етек жайып келеді. Мемлекет тарапынан қолға алынған бұл бастамаға ауылдағы шаруалар қолдау танытып, егін және мал шаруашылығын бірлесе дамытуға, бау-бақша өнімдерін өндіруге мол мүмкіндік алып отыр.

Жалпы, ауылдағы өндірістік кооперативтерді дамыту аясында шаруаларға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Бұл игіліктер қатарында бірлестіктерге қаржылай көмек көрсету, субсидиялау, банктен несие беру және лизингіге техника алу мәселесі бар. Мысалы, Жамбыл ауылдық округіндегі «Жаңатұрмыс-Бірлік» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі кооперация тәсілінің шаруашылық жүргізудегі тиімділігін ісімен дәлелдеп үлгерген. О бастан егін шаруашылығына ден қойған кооперативтің басты міндеті ауыл шаруашылық өнімдерінің өндірісін ұлғайту болып табылады. Айта кетсек, бүгінде кооператив жүзден астам жеке қосалқы шаруашылықтан құралған. Қазіргі таңда мұнда көктемгі егіс дала жұмыстары қарқын алған. Мәселен, биылғы жылдың өніміне 100 гектар күздік бидай себілсе, 100 гектар алқапқа жаздық арпа себіліп, 35 гектар жер дәндік жүгеріге бөлінген. Мұнымен қатар кооператив ауыл тұрғындарына жер жырту, егін егу, бау-бақша отырғызуға жәрдемдеседі.

Жоғарыда айтқанымыздай «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативінің мүшелері кооперация ұсынған мүмкіндіктерді пайдаланып үлгерген. Нақтырақ айтсақ, Жамбыл облысы тұрғындарының табысын ұлғайтуға бағытталған пилоттық жоба аясында кооператив тиімді шарттармен заманауи трактор, пресс-тайлағыш, соқа, тырма, тыңайтқыш шашқыш құрылғы алған. Қазіргі таңда шаруашылықта бас-аяғы 19 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар.

Басқарма төрағасы Ә.Спановтың айтуынша, кооператив алдағы уақытта егін алқаптарын ұлғайтуды, жем сақтайтын қойма салуды және қосымша «К-700» тракторы мен комбайн алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, сүт және ет бағытындағы ірі қара малды көбейтуді көздеген шаруашылық 100 басқа арналған ферма құрылысын қолға алмақ.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.