Қарасу газға қосылды

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қордай ауданы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша тапсырмасы бүгінде сәтті іске асуда деуге толық негіз бар. Қарасу, Өтеген, Масанчи, Қаракемер, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 ауылдарына жалпы сметалық құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын 73,2 шақырым газ құбырын келтіретін құрылыс-монтаждау жұмыстары бүгінде аяқталуға таяу болса, 15 қазан күні құрамына Өтеген ауылы кіретін Қарасу ауылдық округіне газ кіргізілді.
Салтанатты шарада аудан әкімі Рүстем Дәулет қос ауыл тұрғындарын осы тамаша сәтпен құттықтап, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың бұл тек бір парасы ғана екенін айтып, алдағы жылдары аталмыш округтерде үлкен жобалар қолға алынғалы отырғанын айтты.
«Осы жұмыстардың атқарылуы аясында ауданымызда газбен қамту деңгейі артып отыр. Табиғи газдың елді мекендерге жетуінің арқасында жалпы ауданның кәсіпкерлік әлеуеті артып, жаңа жұмыс орындары пайда болмақ. Қазіргі таңда сырт жақта еңбек етіп жүрген жерлестеріміз туған жерге оралып, жұмыс жасайды дегенге сенім мол. Ауылдағы ағайынды осындай қуанышқа кенелтіп, көптеген жылдар бойы арманға айналған газ мәселесінің іске асуына септігін тигізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына, Үкіметке және аталмыш жұмыстардың ойдағыдай іске асуын тікелей бақылауына алған облыс әкімі Бердібек Машбекұлына аудан тұрғындары атынан алғысымды білдіремін», — деді Рүстем Рысбайұлы. Сонымен қатар, округ тұрғындарын аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов та құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ал, Қарасу ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Владимир Лопатиев, Өтеген ауылы тұрғыны, Қордай ауданының Құрметті азаматы Тұрған Жасыбаев ақсақалдар ауыл азаматтары атынан аталмыш жұмыстардың іске асуына мұрындық болған барша азаматтарға алғыстарын айтып, баталарын берді. Осыдан кейін аудан әкімі Рүстем Дәулет мердігер компания өкілдерімен бірлесе газдың алауын жағып, салтанатты түрде іске қосты. Осы орайда аталмыш жұмыстар бойынша ұлттық оператор болып «КазТрансГаз» АҚ бекітілгенін айта кеткен жөн. Аталмыш акционерлік қоғам инвестициялық бағдарлама арқылы газ желісінің 42 шақырымын жасап шыққан.
Көгілдір отын келіп көңілі жай тапқан ауылға жиналған қауым Қарасудағы бірқатар отбасылардың үйінде болды. Қонақтарды қарсы алған Рашид Ханбезов, Владимир Лопатиев, Өтеген ауылы тұрғыны Қуаныш Иманбаев, Айгүл Абдылдаевалардың отбасылары қуаныштарын жасырмады. Ұзақ жылдар күткен газ үйіне келіп, шаттыққа бөленген отбасы мүшелерінің алғыстан басқа айтары жоқ.
Жалпы қос ауыл бойынша 1251 тұрғын үй жыл соңына дейін көгілдір отынға қосылатын болады. Құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан «Фирма СКМ Строй» ЖШС ауылішілік желілерді тартуды жалғастыруда. Тұрғындармен келісімшарт жасалып, көгілдір отынды үйге кіргізу жоспарға сай жалғасатын болады. Газ қосу бойынша төленетін ақының да тиімді жолдары қарастырылған. Осының барлығы ауыл тұрғындарына жасалып отырған қамқорлық деп түсінген абзал.

Leave A Reply

Your email address will not be published.