Қордай аудандық Қоғамдық кеңесінің төрайымы Баян Қарамолдаева Отар, Кенен ауылдарында тұратын арнайы әлеуметтік көмек алатын жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлерінде болды. Тұрғындармен кездесу барысында олардың жағдайымен танысып, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы турасында әңгіме өрбітті.
Қоғамдық кеңес төрайымы алдымен Кенен ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Шәйіпбек Сегізбаевтің үйіне барды. Ауыл әкімі Нүркен Жаманкөзовпен бірге Баян Нәзікеқызы ардагердің тұрмыс тіршілігімен танысты. Бүгінде ауыл тұрғындарының қадірлі ақсақалына айналған қарт ұстазға әрдәйім демеушілік көрсетіліп тұрады екен. Ауыл әкімдігінен бөлек шәкірттері де ұстаздарына үнемі келіп тұрады. Ұзақ жылдар білім саласында қызмет атқарған Шәйіпбек ақсақал жаңалықтарды қалт жібермейді. Мемлекет басшысының әр жұмысынан теледидар, газеттер арқылы хабардар. Президент Жолдауын кеңінен түсіндіріп өткен қоғамдық кеңес төрайымы ауданымызда Жолдау бойынша жасалып жатқан жұмыстармен де ақсақалды хабардар етті.
-Біздің ауыл облыс бойынша үздік атануы бәрімізді қуанышқа бөледі. Жақын арада тұрғындар түгелімен «көгілдір отын» жағатын болады. Мұның өзі тұрғындар үшін үлкен бақыт. Жаңа ауыз су құбырлары жүргізіліп жатыр. Осыншама тірлікті тындырып жатқан аудан басшылығы мен ауыл әкімдігіне алғыс айтқымыз келеді, — дейді ардагер ұстаз. Осыдан кейін, Баян Нәзікеқызы өзге де қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйінде болып, олардың тұрмыс тіршілігімен танысып, Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндірді.