Қасым-Жомарт Тоқаев: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА ТЫҢ СЕРПІН БЕРЕТІН КЕЗ КЕЛДІ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қос Киенің сақшысы – Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен Джидда қаласына ресми сапармен барды. Екіжақты келіссөздерден кейін Президент іскерлік топ өкілдерімен әңгімелесіп, екіжақты бірнеше кездесу өткізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЙЕ ТҮСЕДІ
Қазақстан Президентін әуежайда Корольдің кеңесшісі әрі Мекке провинциясының губернаторы Фейсал Халид бен Әбделазиз, сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігінің Қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдурахман Әл-Фадли қарсы алды.
Содан кейін Президент ресми кездесу өткізу үшін Корольдің «Қаср Ас-Салам» сарайына барды. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Сауд Арабиясының әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ресми делегациялардың мүшелері таныстырылды.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы мен Тақ мұрагері келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ілтипат білдіріп, шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Сауд Арабиясының Королі мен Тақ мұрагеріне алғыс айтты.
Қазақстан Президентінің айтуынша, Мемлекет басшысы ретінде Сауд Арабиясына алғаш рет келгендіктен, бұл сапардың маңызы зор. Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Қазақстанның басты стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
– Сауд Арабиясы – Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған елдердің бірі. Осы кезеңде түрлі бағыттағы ынтымақтастығымыз нығая түсті. Қазір қазақ-сауд қатынастары жоғары деңгейде. Дегенмен, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді. Бұл – елдеріміздің мүддесіне сай келетін ортақ шешім. Біздің өзара тиімді байланыстарымыз нығая береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Сауд инвесторлары үшін өзара мүддені көздейтін түрлі перспективті салалар бойынша ерекше шарттар мен кең көлемде артықшылықтар ұсынуға дайын.
Тараптар өзара тауар айналымын едәуір арттыруға ниетті екенін және жуық арада екі ел үкіметтерінің бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыратынын нақтылады.
Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд елдеріміз арасындағы қатынастар деңгейі жақсы екенін атап өтіп, оны әрі қарай нығайтып, дамыту үшін мүмкіндіктер мол екенін айтты. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл ретте Қазақстан мен Сауд Арабиясының бизнесмендерін біріктіретін Іскерлік кеңестің рөлі зор болмақ.
Тақ мұрагері Мемлекет басшысының ресми сапары аясында өтетін Инвести-циялық дөңгелек үстелге Корольдіктің ірі компанияларының өкілдері қатысатынын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қоры үйлестіретін бірқатар жоба бойынша бірлескен жұмыс маңызды саналады.
Атап айтқанда, Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Корольдіктің компаниялары Қазақстанның аграрлық саласына инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Оның пікірінше, бұл бағыт жаһандық азық-түлік дағдарысы жағдайында аса өзекті бола түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тақ мұрагерін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Мұхаммед бен Салман бұл шақыруды қуана қабылдайтынын айтып, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты нәтижелерін талқылау үшін Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін жеткізді.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІК МОЛ
Мемлекет басшысының Сауд Арабиясына ресми сапарының екінші күні елдің іскер топтар өкілдерімен өткен инвестициялық дөңгелек үстелге қатысудан басталды. Екі елдің инвестиция, экономика, сауда және қаржы салаларындағы ықпалдастығын нығайту кездесудің негізгі тақырыбы болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудпен өткізген кешегі кездесуінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты. Президент мемлекеттеріміздің келешек экономикалық дамуға деген көзқарастары ұқсас екенін атап өтті.
– Saudi Vision-2030 бағдарламасы мен біздің «Қазақстан-2050» стратегиясы экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті төмендету, адами капиталға инвестиция салу, түптеп келгенде, жоғары дамыған елдердің қатарына кіру арқылы ұлттық дамуға қол жеткізуді көздейді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның экономикалық жетістіктері туралы мәлімет берді.
– Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 17 есе өсті. Бүгінде Қазақстан экономикасы Орталық Азиядағы барлық өзге ел экономикасының жиынтық көлемінен асып түседі. Орталық Азиядағы тауар айналымының 60 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің халықаралық резерві – 90 миллиард доллар және ТМД бойынша жан басына шаққанда ең жоғарысы саналады. Шетелдік инвесторлар еліміздің экономикасына 380 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Бұл Орталық Азия аймағына салынған жалпы инвестицияның 70 пайызын құрайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда Сауд Арабиясының қолдауымен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және инфрақұрылым салаларында құны 120 миллион доллардан асатын бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылғанын жеткізді. Қазақстан Президентінің пікірінше, бұл сома мемлекеттеріміздің әлеуетіне сай келмейді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы ынтымақтастықты кеңейтудің мейлінше перспективті салаларын белгілеп берді. Ең алдымен, бұл екіжақты сауда-саттыққа қатысты.
– Біз жүргізген талдауға сәйкес Қазақстан машина жасау, шойын және болат өндірісі, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салалар бойынша құны шамамен жылына 400 миллион доллар болатын шикізат тауарларының 100-ден астам түрін ұсына алады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай, Қазақс¬тан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасын жалғастыратын көлік-транзит және логистикалық мүмкіндіктерді, соның ішінде Транскаспий бағдарын әртараптандыруды және кеңейтуді екінші маңызды бағыт ретінде атап өтті.
Оның пікірінше, ынтымақтастықтың мол әлеуетін экономиканың нақты секторында да пайдалануға болады.
– Қазақстан әлемде вольфрам қоры бойынша 1-орын, уран мен хром бойынша 2-орын алады, ал марганец, күміс, мырыш, қорғасын байлығы бойынша алғашқы бестікке кіреді. Бұл қорларды барлап, зерттеу керек. Қарқынды дамып келе жатқан Қытай мен Оңтүстік Азия нарығына жақындығымызды ескере отырып, инвестиция салуға, шын мәнінде, бұл жақсы мүмкіндік. Бүгін біз барлау және әзірлеме жұмыстары үшін бағалы және түсті металдың 60-тан астам кен орнын ұсына аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Сауд Арабиясының мұнай химиясы, атом энергетикасы, жасыл сутегі өндірісі салаларын дамыту, ғарышты зерттеу жөнінде және басқа да бағыттар бойынша жоспары бар.
– Біз Корольдіктің Saudi Vision-2030 стратегиясы аясында өзінің ғарыштық бағдарламасын дамытуға деген ниетін қолдаймыз. Елдеріміздің ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық үшін тиісті құқықтық базасы бар. Қазақстанның аэроғарыш саласын дамыту үшін тәжірибесі де, әлеуеті де жеткілікті. Біздің компанияларымыз осы салалар бойынша Сауд Арабиясының мемлекеттік және жеке компанияларымен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент отандық агросектордың әлеуетіне де тоқталды.
– Қазақстан егістік көлемі бойынша жан басына шаққанда әлемде екінші, жайылымдық жерлер жөнінен бесінші орын (180 миллион гектар) алады. Еліміз бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Біз Корольдікке жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізуші елдердің бірі болуға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Туризм саласында да ықпалдастық орнатуға зор мүмкіндіктер ашылады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның туристік-рекреациялық жобаларын қарастырып көруді ұсынды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвесторлар үшін заманауи институционалдық орта қалыптасқанын еске салды.
– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Сауд Арабиясымен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бейілді екенін растағым келеді. Бүгін осында бүкіл әлемде айтарлықтай табыстарға қол жеткізген Сауд Арабиясының ірі компанияларының басшылары қатысып отыр. Мен бәріңізді өзара тиімді негізде Қазақстанда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Дөңгелек үстел барысында Сауд Арабиясының Инвестиция министрі Халид Әл-Фалих, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, ҰБХ «Бәйтерек» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, SABIC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Халид Хашим әл-Даббаг, MA’ADEN компаниясының бас директоры Роберт Уилт, ACWA Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайян сөз сөйледі.
Бұдан бөлек форум жұмысына Ajlan & Bros Holding Group, SALIC, Saudi National Bank, Alhokair Group, FlyNas, Savola Group, SPIMACO, National Technology Group (NTG), Kingdom Holding, Dr. Sulaiman Al Habib Medical Group, Al Rajhi International for Investment, Al Muhaidib Group, Jamjoom Pharma, Tabuk Agriculture Development сияқты ірі компаниялардың басшылары, сондай-ақ Сауд Арабиясы экономикасының барлық секторында жұмыс істейтін ондаған компанияның жетекшілері қатысты.

ОРТАҚ МҮДДЕНІ КӨЗДЕЙТІН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қорын (PIF) басқарушы Ясир Әл-Румайянмен кездесті. Мемлекет басшысына әлемдегі ең ірі дербес әл-ауқат қорының бірі – Сауд Арабиясының мемлекеттік инвестициялық қорының қызметі жөнінде ақпарат берілді. Қор басшысы Ясир Әл-Румайян экономиканың әртүрлі салаларында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әртүрлі салалар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниетті екенін атап өтіп, өзара ортақ мүддені көздейтін жобаларды жүзеге асыру үшін Сауд Арабиясы инвестициялық қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ және «ҰБХ «Бәйтерек» компаниялары арасындағы тығыз ықпалдастықты жолға қоюды ұсынды.
Қор Саудияның басқа да компаниялары сияқты мұнай-химия өнеркәсібіндегі, жасыл энергетиканы дамыту саласындағы, металлургия және таукен секторларындағы, сондай-ақ ауыл шаруашылығын терең өңдеу жөніндегі ірі инвестициялық жобаларға қатысуға шақырылды.

ІРІ КОМПАНИЯ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясындағы ірі компаниялардың басшыларымен кездесті. Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының бірқатар кәсіпкерімен жеке кездесу өткізді.
Атап айтқанда, Президент Ajlan & Bros Holding Group холдингтік топ басқармасының басшысы Аджлан бен Әбделазиз Әл-Аджланмен және Acwa Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Әбунаянмен әңгімелесті.
Сауд Арабиясы Корольдігінің және Таяу Шығыстағы ірі конгломераттың бірі – Ajlan & Bros Holding Group Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі екенін айтты. Қазіргі уақытта холдинг Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс жобасын пысықтауда.
Мұхаммед Әбунаянмен кездесуде баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері талқыланды. Президенттің айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай жаңғыртылатын энергия көздерінің 30 пайызын өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Acwa Power компаниясын Қазақстанда жасыл сутегі өндірісі саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Сондай-ақ ресми сапар барысында бірқатар екіжақты кездесу өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассерді қабылдады. Әңгіме барысында экономиканың түрлі салаларындағы бірқатар бірлескен жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланды.

ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 1,6 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРДАН АСТЫ
Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД елдері ішінде Ислам даму банкімен серіктестік бағдарламасын бірінші болып әзірлеген ел екенін еске салды. Алматыда 25 жылдан астам уақыт бұрын орналасқан аймақтық кеңсе Шығыс Еуропа елдерінде, ТМД, Моңғолия және Қытайда банк операцияларын үйлестіреді. Бұл Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы жоғары маңыздылық пен өзара сенімді қарым-қатынасты білдіреді.
– Біз банктің Қазақстан экономикасына көп жылдан бері көрсетіп келе жатқан қолдауын жоғары бағалаймыз. Ислам даму банкі ынтымақтастық орнатқан жылдар ішінде еліміздегі экономиканың басым секторлары мен әлеуметтік жобаларға 1,6 миллиард доллардан астам инвестиция салды, – деді Мемлекет басшысы.
Әл-Джассер Мемлекет басшысына банктің инвестициялар саласындағы саясат және алдағы кезеңдегі жоспарлары жөнінде айтты. Оның айтуынша, Ислам даму банкі бизнес, қаржы салаларындағы жобаларға, сондай-ақ инфрақұрылым мен коммуникацияларды жаңғыртуға қаражат бөлуді жалғастыруға ниетті.

ҰЙЫМ АЯСЫНДАҒЫ ЫҚПАЛДАСТЫҚ КЕҢЕЙЕДІ
Мемлекет басшысы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас хатшысы Хиссейн Брахим Тахамен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Президенті мен ИЫҰ-ның Бас хатшысы аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы арасындағы ықпалдастықты одан әрі тереңдетудің перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ИЫҰ-ның саяси, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және гуманитарлық салаларда байланыстар орнатуға ықпал ететін инклюзивті платформа ретіндегі жұмысын жоғары бағалады.
Мемлекет басшысы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымымен арадағы іс-қимылдар туралы айта келе, Қазақстанның Ұйым аясында мұсылман елдерімен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бейілді екенін нақтылады.
Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Хиссейн Брахим Таханы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысуға шақырды. Бұл форум биыл күзде Қазақстан астанасында өтеді.
AKORDA.KZ

Leave A Reply

Your email address will not be published.