Құрметті қазақстандықтар!
Бүгін елімізде маңызды оқиға – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұл – Жаңа Конституцияға сәйкес алғаш рет өткізіліп отырған сайлау.
Бұл сайлау – қатардағы саяси науқан емес. Жаңа Құрылтайдың қалыптасуымен Президент бастамашы болған ұлттық жаңғырудың жаңа кезеңі басталады.
Сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге белсенді қатысқан әрбір азаматқа алғысымды білдіремін. Сіздердің азаматтық ұстанымдарыңыз бен ел болашағына бейжай қарамайтындықтарыңыз – қоғамның саяси мәдениетінің көрсеткіші.
Қазақстан Халық партиясына дауыс берген әрбір азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Алдын ала экзитпол нәтижелеріне сәйкес, біз үшін сайлаушылардың кемінде 3%-ы дауыс берген. Алайда бұл әлі түпкілікті нәтиже емес. Сіздердің сенімдеріңізді біз үлкен жауапкершілік әрі алдымызға қойылған маңызды міндет деп қабылдаймыз. Халқымыздың үмітін ақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
Біз белсенді әрі сапалық тұрғыдан жаңа сайлау науқанын өткіздік. Партиялар бірден төрт республикалық телеарнада тікелей эфирде пікірталас жүргізді. Миллиондаған қазақстандық өңделмеген, шынайы пікірталасты көріп, тараптардың нақты ұстанымдарымен танысты.
Сайлау науқаны барысында жүздеген халықаралық және мыңдаған қазақстандық байқаушы жұмыс істеді.
Бұл – сайлау процесінің ашықтығының айқын дәлелі.
Президент жүзеге асырып отырған реформалар партиямыздың идеологиясымен үндес. Біз өз рөлімізді осы реформаларды іске асыруда сенімді серіктес болудан көреміз.
Құрылтайдың жұмысымен еліміздің жаңарған саяси институттарын қалыптастыру басталады.
Сайлау қорытындысынан барлық қазақстандықтар мен бүкіл ел ұтады.
Барлық кандидаттар мен партияларға бәсекелі әрі мазмұнды сайлау науқаны үшін алғыс білдіремін. Бұл – саяси жүйеміздің кемелденгенінің белгісі.
Қазақстан Халық партиясы бүгінгі дауыс берудің объективті қорытындыларын мойындайды және басқа партиялардағы әріптестерімізбен бірге сындарлы жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдейді.
Басты мақсатымыз – әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын арттыру, Әділетті Қазақстанның сенімді дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету!
Назарларыңызға рақмет!
Қазақстан Халық партиясының төрағасы
Нұрсұлтан Шоканов