Мемлекеттік қаржыға жауапты мемлекеттік органдардың құрылуына және жетілуіне көптеген фактор әсер етті. Қаржыны тиімді басқару жүйесін құру, жаңғырту әрі дамыту – әртүрлі елдердің қазынашылық органдарының басты міндеттерінің бірі.
Қазақстанның қазынашылық жүйесінің қалыптасуы мен дамуы Тәуелсіздік жылдарымен тікелей байланысты. Мемлекетіміздің өсуі және нығаюы, бюджетке түсімдердің және қаражат шығыстарының біртіндеп өсуі мем-лекеттік қаржылық басқаруды және қаржылық жүйені қайта құруды реформалауды талап етті. Туындаған барлық мәселені шешу мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті 1994 жылғы 27 қаңтарда «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылығын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.
Қазақстан қазынашылығы кірістер мен шығыстар бойынша бақылауды жүзеге асырады, бюджет қаражаттарының мақсатты жұмсалуына жауап береді, ақша ағынының қозғалысын оңтайландырады, бюджет қаражатын шоғырландыруды, оның жұмсалуының ашықтығын, тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бюджеттік заңнаманы әзірлеуге қатысады және оның атқарылуына бақылау жасайды. Қазынашылық мемлекеттің бюджеттік ағынын басқарудың барлық қыры шоғырланған, келешегі мол, дамыған қаржы институты ретінде танылды.
2004 жылы бірыңғай ақпараттық ортаны қамтамасыз ету үшін қазынашылық органдары жаңа ақпараттық жүйеге көшті. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның қазынашылық жүйесінің тәжірибесі басқа елдерге үлгі болатындай, жоғары бағаланып, бірегей жүйе ретінде танылды.
2011 жылы осы орган жұмысының тиімділігін барынша жоғарылатқан, соған сәйкес бюджетті игеру сапасын арттырған, қаржылық құжаттарды онлайн-режімде өңдейтін «Қазынашылық – клиент» жүйесі енгізілген болатын. 2012 жылы бюджет қаржысының игерілуі мен мақсаты – бюджет қағидатына сәйкестігіне арналған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарына қызмет көрсету басталды. Одан әрі бюджеттік шығыстардың тиімділігін түпкілікті жақсарту үшін 2017 жылы «Құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуды қазынашылық қолдау» жобасы енгізілді. Аталған жобаның негізгі мәні − құрылысқа шарттарды іске асырған кезде бюджет шығыстары мониторингін жасау.
Бүгінгі таңда қазынашылық жүйе Қазақстанның қаржылық жүйесінің басты бөлігі болып отыр. Ол мемлекеттік органдардың алдына қойған міндеттерін орындау үшін кірістерді уақтылы есептеп, қаржылық ресурстармен жеткілікті қамтамасыз ете отырып, ақшалай ағынның ашықтығы мен шұғыл жүргізілуін қамтамасыз етеді. Процестерді барынша автоматтандыру, алдыңғы қатарлы озық технологияларды пайдалану, әкімшілік және техникалық тәртіпті оңайлату арқылы стратегиялық міндеттердің бірі қоғамдық қаржы жағдайы туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді шешуге мүмкіндік береді.
Құрылғаннан бастап аз уақыттың ішінде Қазақстанның қазынашылығы бюджет жүйесінің бір буыны ретінде мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінен лайықты орын ала отырып, орасан зор қалыптасу және даму жолынан өтті. Әрине мұның барлығына бұл салада еңбек ететін сауатты әрі білікті қызметкерлерінің жұмысы нәтижесінде қол жеткізілді. Осы ортақ ұлы ісімізді табысты дамытуға қомақты үлесімізді қоса берейік!
Шахадат НУРТАЕВ, Қордай аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасының басшысы