ҚОҒАМ СҰРАНЫСЫ – ӘДІЛДІК!
Қордай ауданының прокуроры Қайыржан Қуатбеков «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл шара Қордай аудандық Мәдениет үйінің алдында өткізіліп, аудан прокурорымен бірге аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев және аудан әкімдігіне қарасты бөлім мен мекеме өкілдері де қатысып, тұрғындардың сұраныстарын тыңдады.
Қабылдаудың басты мақсаты – ашықтықты қамтамасыз ету. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты жауаптар алып, тиісті сала басшылары мен мамандарының кеңестерін тыңдады. Бұл қоғамдық қабылдауға келген азаматтар жұмыспен қамту, құқықтық кеңес алу, жер және басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша өтініштерімен қайырылды.
Шара барысында тұрғындардың өтініштері мұқият тыңдалып, проблемалары бойынша заң аясында тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында прокурор мен басқа да жауапты тұлғалар тұрғындардың сұрақтарына ашықтықпен жауап берді.