Қой бақтым – қоңырау тақтым

0

Қордай ауданында мал төлдету науқаны сәтті жалғасуда, бұл әсіресе, ауыл шаруашылығының дамуы үшін маңызы зор кезең. Көктемнің келуімен, төрт түлік мал өсірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер туындайды. Жергілікті шаруалар малды төлдету науқанына белсенді түрде қатысып, өзінің күш-жігерін, білімін аямай, тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін еңбек етіп келеді.

Ауданымызда, оның ішінде Қақпатас ауылдық округі, науқанға белсенді қатысуда. «Төрехан» шаруа қожалығы – ауданымыздағы ең танымал шаруашылықтардың бірі. Мұнда малды күтудің, өсірудің қыр-сырын меңгерген Талант Сейдуалиев жетекшілік етуде. Оның әкесі Төрехан осы шаруашылықты 30 жыл бұрын құрған. Бүгінде ол әке жолын қуып, ол салған сара жолмен, отбасылық дәстүрлерді жалғастырып келеді.

Біз, редакция тілшілері, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Әсет Сапарбай жол бастап, дәстүрлі сақман науқанының куәсі болдық.

«Асылтұқымды «Байсары» қойын көбейтіп жатырмыз және бұл жұмысымыз 20 жылдан бері тұрақты жалғасуда. Сақман науқаны ақпан айынан басталып, сәуір айының ортасына дейін жалғасады. Науқан кезінде малшылар барынша тынымсыз жұмыс істейді, әрбір төлдің денсаулығын және сапасын бақылап, қажетті дәрі-дәрмектерді уақытында беруге тырысады», — дейді қожалық жетекшісі.

Әке тәрбиесі мен кейіпкеріміздің бала күннен төрт түлікке деген қызығушылығы жаңа қой тұқымын дамытуға негіз болды.

Қожалық иесі мәлім еткендей, төлдеу науқанында 100 бас қойдан 100 қозы алу көрсеткішіне жетуде. Бұл – мал шаруашылығы үшін жағымды жаңалық, себебі мұндай нәтижелер асылтұқымды малдың дұрыс күтімнің әсерін көрсетеді.

Малдың қоңдылығын сақтау – бұл жыл бойы үздіксіз жалғасып, көптеген күш-жігерді талап ететін еңбек. Көктемгі мал төлдету науқаны – шалғайдағы малшылар үшін ерекше жауапты кезең. Олар төлдеген малдың сау әрі мықты болып шығуына барынша назар аударып, барлық күш-жігерлерін салып, жұмыс жүргізуге әркез дайын. Өйткені, мал бағу – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын тамаша дәстүр.

Талант Төреханұлы, өзінің кәсібін дамыту арқылы қоғамға қызмет ету ниетін білдіреді, бұл тек мал өсірумен шектелмей, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуды да қамтиды.

Мал төлдету науқанының маңызы сонымен бірге ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне, азық-түлік қауіпсіздігіне, жұмыс орындарын қамтамасыз етуге де тікелей байланысты. Бүгінде малшылар, шаруа қожалықтарының иелері мен қызметкерлері осы салада қолынан келгенше белсенділік танытуда. Көктемгі мал төлдету науқаны ауыл шаруашылығы үшін тек ғана табыс көзі емес, сонымен қатар аудан экономикасы үшін тұрақтылықтың негізі.

Ғасырлар бойы мал шаруашылығын кәсіп еткен қазақ халқы төрт түліктің қадір-қасиетін жақсы білген. Көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алатын ата кәсіптің өзіндік қыр-сыры бар.

Дана халқымызда «әлемнің әміршісі – еңбек» деп бекер айтылмаса керек. Ал, адам өмірінің алтын арқауы да осы маңдай тер, табан ақы, адал еңбекпен өрілетіні анық.

Әділет Құттыбай

Leave A Reply

Your email address will not be published.