Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында мемлекет шаруалар шығынын өтеу көлемін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтты. Енді мемлекеттік қолдау су алу инфрақұрылымына, сондай-ақ суару жүйелерін сатып алу мен орнатуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтейді.
Соңғы екі жылда қабылданған шаралардың нәтижесінде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі жыл сайын шамамен 150 мың гектарға артып отыр. Атап айтсақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша, су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптардың жалпы көлемі 543,5 мың гектарды құраған. Соның ішінде біздің облысымызда өткен жылы шаруалар тарапынан 11 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізіліп, оның жалпы көлемі 66,5 мың гектар алқапқа жетті.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, шаруаның алдына қойылып отырған міндет – қолда бар суды тиімді пайдалану. Өкінішке орай, соңғы жылдары су тапшылығы қатты сезіліп келеді. Оның үстіне өңір шаруалары көрші мемлекеттен өзендерге түсетін суға тәуелді. Ол да егіннің шығымына тікелей әсер ететіні белгілі. Бұл мәселені шешу мақсатында өңірде су үнемдеу технологиясы көптеп енгізілуде. Осының арқасында жыл санап тамшылатып және жаңбырлатып суару көлемі артып келеді.
Бүгінде бұл технология Қызылорда облысындағы күріш шаруашылықтарында кеңінен қолданылуда екен. Лазерлік тегістеу су шығынын кемінде 20 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді. Тамшылатып суаруды 165,8 мың гектар алқапқа енгізу көзделген. Министрліктің айтуынша, бұл технологияда су өсімдіктің тамыр жүйесіне тікелей, нақты мөлшерде жеткізіледі. Осылайша суару тиімділігі айтарлықтай артады. Тамшылатып суару, әсіресе Түркістан облысында мақта, көкөніс және бақша дақылдарын өсіруде, Алматы және Жамбыл облыстарында картоп, көкөніс, бақша және көпжылдық егінді суаруда кеңінен қолданылады. Бұл әдіс суару суын шамамен 30 пайызға дейін үнемдеуге, ал өнімділікті 1,5-2 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Соңғысы – жаңбырлатып суару. Су ресурстары және ирригация министрлігі оның көлемін республика деңгейінде 315,1 мың гектар алқапқа жеткізбек ниетте. Бұл – Қазақстанда ең кең таралған суару тәсілі. Мұнда су қысым арқылы құбыр жүйесімен беріліп, алқап үстіне шашыратылады. Соның арқасында егістік біркелкі ылғалдандырылады. Бұл технология Ақмола облысында, Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай облысында және Павлодар облысында кеңінен қолданылады. Ол негізінен жүгері, дәнді дақылдар, мал азығы дақылдарын суару үшін пайдаланылады. Солтүстік өңірлерде жаңбырлатып суару жүйелері мал азығы дақылдарын суаруда белсенді қолданылып, мал шаруашылығы үшін жем-шөп базасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Өңірлерде су жеткіліктілігі мен егіс жағдайына жедел мониторинг жүргізілуде. Биыл республика көлемінде жалпы егіс алқабы шамамен 23,8 миллион гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Егіс құрылымын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 миллион гектарды құрады. Министрліктің айтуынша, өнімділігі жоғары әрі су аз қажет ететін дақылдардың үлесі артты. Мәселен, майлы дақылдар 4 миллион гектардан асады (+55 мың га), мал азықтық дақылдар 3,3 миллион гектарға жетеді (+237 мың га), ұйымдасқан шаруашылықтардағы картоп алқабын 94,5 мың гектарға дейін ұлғайту көзделген.