«ҚОЛЖЕТІМДІ ҚАЗАҚСТАН»

0

«Қолжетімді Қазақстан» деп аталатын отандық стартап Орталық Азияда кең таралған алғашқы жаһандық цифрлы қоғамдық игілікке айналды. Осылайша, Astana Hub пен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жобасы БҰҰ-ның ашық цифрлы қоғамдық игіліктерінің эксклюзивті тізіліміне қосылды.

Аstana Нub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі алаңында Demo Day шеңберінде мұғалімдерге арналған онлайн-білім беру бағдарламасы және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін білім мен инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ықпал ететін табысты стартап-жобалар ұсынылды. Жобалардың бірі – қозғалысы шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қоғамдық нысандардың қолжетімділігін көрсететін «Қолжетімді Қазақстан» сайты мен қосымшасы.
Әлемге танымал цифрлы қоғамдық игілік 2015 жылы Тandau Foundation қоғамдық қорының командасы «Қолжетімді Павлодар» атты жобаны бастаған кезде пайда болған. Нәтижесінде, Павлодар тұрғындарында нысанды шерту арқылы оның мүгедектігі бар адамдар үшін қаншалықты қолжетімді екендігін көрсететін арнайы карта пайда болды. 2016 жылы бастама бүкіл Павлодар облысын қамтыды. Ал келесі жылы оған Алматы облысы қосылып, жоба «Қолжетімді Қазақстанға» айналды. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Astana Hub-тың қолдауымен бүгінде жоба бүкіл ел бойынша 15 қоғамдық ұйым мен 500 еріктіні біріктіріп отыр. Ал https://doskaz.kz/ картасында Қазақстанның 22 қаласындағы 21 737 орынның қолжетімділігі бойынша ақпарат көрсетілген.
Картаны пайдаланушылар қозғалысы шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға (мүгедектігі бар адамдар, арбадағы кішкентай балалары бар ата-аналар, қарттар, жүкті әйелдер, уақытша жарақаттанған адамдар, 7 жасқа дейінгі балалар) арналған сервисті пайдалану арқылы барынша қолжетімді және қауіпсіз бағытты жоспарлай алады. Сондай-ақ таңдалған нысанға бару қаншалықты қолжетімді және қауіпсіз екендігін білуге мүмкіндік бар.
«Қолжетімді Қазақстан» БҰҰ мақұлдаған Цифрлы қоғамдық игіліктер альянсының тексеруінен өтіп, бүкіл әлемге қолжетімді жаһандық игіліктер тізіліміне қосылды. Мұндай тізімге қосылу жаһандық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін ашық жобалардың көрінуін және танымалдылығын арттырады. Цифрлы қоғамдық игілік атану үшін жобалардың барлығы тиісті стандартқа сәйкес келуі керек. Бұл олардың ашық бастапқы код принциптерін ұстанатынына кепілдік береді. Тізілім «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Яғни ашық цифрлы технологияларға – қосымшаларға, деректерді визуалдау құралдарына, білім беру бағдарламаларына тұрақты даму мақсаттарына тез қол жеткізу үшін тегін бейімдеу және пайдалану жөніндегі ең аз талаптармен қолдану мүмкіндіктерін береді.
– Біз Орталық Азиядағы алғашқы цифрлы қоғамдық игіліктің Қазақстанның жобасы болғанына өте қуаныштымыз. «Қолжетімді Қазақстан» аса маңызды мақсатты көздейді. Яғни қажеттіліктер мен мүмкіндіктерге қарамастан, барлығы үшін кедергісіз ортаны қамтамасыз ету. Жоба объектілерді картаға түсіріп қана қоймай, сонымен қатар мүдделестердің үлкен тобын біріктіреді, балалар мен мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуді ілгерілетеді. Кез келген ұйым Tandau Foundation-ға жүгініп, өз нысанында қолжетімді және қауіпсіз инфрақұрылымды қалай құру туралы кеңес ала алады, – дейді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл.
ЮНИСЕФ пен Astana Hub-тың тағы бір бірлескен жобасы – https://okoo.kz платформасында іске қосылған инклюзивті аралас білім беру бойынша мұғалімдерге арналған онлайн-курс. ЮНИСЕФ пен Astana Hub 2021 жылы жүргізген сауалдамаға сәйкес, сұралған он мұғалімнің тек төртеуі (40 пайызы) инклюзивті білім беру бойынша жалпы түсінікке ие. Бұл ретте сауалдамаға қатысқан мұғалімдердің басым көпшілігі (73 пайызы) инклюзивті білім беру туралы өз сауаттылықтарын арттырғысы келе¬тінін мәлімдеді. Кем дегенде, әрбір бесінші (27 пайызы) мұғалім қашықтан оқытуда қолданылатын бағдарламалар мен қосымшалардың мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін білімі мен дағдылары жеткіліксіз деп санайды. Инклюзивті және аралас білім беру саласындағы мұғалімдердің білімі мен дағдыларын арттыру үшін ЮНИСЕФ Astana Hub-пен бірлесіп цифрлы инклюзивті білім беру курсын өткізіп, Қазақстанның 11 өңірінен 11 мыңнан астам мұғалімді оқытып шығарды. Курс барысында мұғалімдер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды анықтау әдістері бойынша білімдерін молайтып, мектепте инклюзивті орта құрудың жаңа әдістері, эмпатия дағдылары және онлайн-оқыту құралдарымен жұмыс істеу туралы білім алды. Қазіргі уақытта онлайн-курс мұғалімдер үшін https://okoo.kz/ сайтында қолжетімді.
– Бүгінгі таңда IT-технологияларды пайдалану ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, оқыту процесін интерактивті, жарқын, қызықты, сапалы етеді. 2021 жылдың желтоқсанында Astana Hub пен ЮНИСЕФ Қазақстанда мұғалімдерді оқыту бағдарламасын іске қосты және біз алғашқы нәтижелерді жариялауға дайын-быз. Біз үшін бүкіл елдегі мұғалімдер бір жағынан қарапайым және қолдануға ыңғайлы, ал екінші жағынан балаларды шынымен қызықтыруға көмектесетін оқыту құралдарын қолдануды үйренуі өте маңызды. Біздіңше, заманауи технологиялар оқытудың барлық қатысушысына процесті жеңілдетіп қолданылуға тиіс, – дейді Astana Hub-тың бас директоры Мағжан Мәдиев.
Еске сала кетейік, Цифрлы қоғамдық игіліктер альянсы (Digital public Goods Alliance) – БҰҰ Бас хатшысы мақұлдаған және цифрлық қоғамдық игіліктерді ашуға, әзірлеуге, пайдалануға және инвестициялауға жәрдемдесу арқылы табысы төмен және орта деңгейдегі елдерде тұрақты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізуді жеделдетуге бағытталған көпжақты бастама.

Leave A Reply

Your email address will not be published.