ҚОРДАЙҒА САПАР НӘТИЖЕЛІ БОЛДЫ

0

«СЕНІМ МАРШРУТЫ» ЖОБАСЫ БОЙЫНША ІС-ШАРАЛАР АЯСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРА БАСШЫЛЫҒЫ АЙМАҚ ХАЛҚЫМЕН КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗДІ.
Іс-шаралардың мақсаты – азаматтарды толғандыратын жүйелі проблемалық мәселелерді шешу, құқықтық көмек көрсету және заңнаманы түсіндіру.
Жуырда осы жоба аясында Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың жетекшілігімен «Сенім маршруты» жобасы Қордай ауданына келді. Аталған топ құрамында облыс әкімінің орынбасары Е.Үйсімбаев пен Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Ұ.Сламбекова да бар.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыстың бас прокуроры аудан кәсіпкерлерінің қатысуымен жиын өткізді. Кәсіпкерлермен кездесуде аудан әкімнің орынбасары Е.Нұралиев жалпы аудандағы қоғамдық-саяси ахуал жайында баяндама жасап, кәсіпкерлік тек аудан мен облыстың ғана емес, жалпы ел экономикасы дамуының бастамасы екенін атап өтті.
Облыс прокуроры жергілікті кәсіпкерлердің түйткілді мәселелері жөнінде сұрастырды. Сонымен қатар, жиында ауданның бас прокуроры Б.Ізбасаров, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ә.Қарымсақов, аудандық ҚР ҰҚК ЖО департаментінің Қордай аудандық басқарманың бастығы Ж.Ысқақов және Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы С.Нүсіпжан құқық бұзушылықтың алдын алу және кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Жиын соңында Н.Әбдіров кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бірінші кезектегі міндеттердің бірі екенін баса айтты.
Бұдан кейін Нұрғалым Әбдіров азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жеке қабылдау барысында «Ноғайбай KazExim» ЖШС-нің үлескерлері арасындағы жер дауына қатысты және «Мерке-Финанс-Кредит» ЖШС-і арқылы несие алған азаматтардың шағымдары қаралды. Аталған мәселелер бойынша Нұрғалым Әбдіров жауапты мекеме басшыларына тиісті шара қолдану бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс прокуроры іс сапар соңына аудандағы этномәдени бірлестіктің өкілдерімен кездесіп аудандағы ұлтаралық қатынас, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту барысында атқарылып жатқан жұмыстарды қарады. Жиын барысында Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы М.Жинақбаева мен Қордай ауданы әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай өңірдегі ұлтаралық қатынасты нығайту бойынша жұмыстар барысы туралы баяндама жасады.
Жалпы Қордай тұрғындары бұл жобаның жұмысымен таныс. «Сенім маршруты» шынымен де ауыл тұрғындарының сенімін иеленді. Расында да, жұмыс топтарының жұмысы барысында қордайлықтар қажетті заң кеңестерін алып, көп жағдайда жеке басының мәселелерін ауыртпалықсыз шешеді. Топтың Қордай өңіріне жасаған бұл сапары да нәтижелі болды, барлық ұсыныс-тілектер бойынша түсініктер берілді, қабылдау барысында шешімін тапқан мәселелер де болды.
Облыс прокурорларының тікелей қатысуымен қайырылған азаматтардың бірқатар проблемалары бірден шешілді. Мәселен, Масанчи ауылының тұрғындары орта мектептің қоршауы жоқ деген сұраныспен қайырылды, бұл жағдай балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер етеді.
Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, прокуратураның ұсынысы бойынша әкімдік тарапынан қаражат көзі табылып, жұмыс басталып кетті.
Келесі жағдайда Қордай ауылындағы орталық базар маңында азаматтық жолаушы тасымалымен айналысатын тұлғалар өздерінің тұрақ орнында құрылыс жүріп жатқанына шағымданды, бұл жағдай жолда көлік кептелісіне әкеп соқтыруда.
Мәселе зерделеніп, азаматтарға қолайсыздықтар тудырып жатқан тұрақтың жер учаскесін бөлу туралы актінің күшін жою туралы шешім қабылданды.
«Сенім маршруты» акциясы аясында «Ақтас Қордай» ЖШС-нің 250-ден астам үлескерлерінің 7 жылдан бері шешілмей келген проблемасы шешімін тауып, денсаулық сақтау және білім беру салаларының 6,5 мыңнан астам жұмысшыларының еңбек құқықтары қорғалып, бизнес субъектілеріне заңсыз қысым таныту фактілері жойылғанын, т.б. мәселелер шешілгенін атап өту керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.