КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың халық алдындағы есепті кездесуі Отар ауылында жалғасын тапты. Ауданымыздағы ең үлкен ауылдық округте өткен кездесуге халық көп жиналды. Әрине, кездесуге келген халықтың көксегені қашанда ортақ. Ең әуелгісі жыл бойғы атқарылған жұмыс пен туған өлкенің түрлі саладағы жеткен жетістігімен танысу болса, кейінгісі ауылдың жоғын жоқтап, туындаған проблемаларын уақытылы шешу болары шарт.

Жақсы әдеттен қалт кетпеген отарлықтар ауылдық округ әкімі Дидар Есімовтың есебін және аудан әкімі Бегзат Болатбековтың биылғы жылғы жоспарын тыңғылықты тыңдап, бүгінгі күнге көкейкесті мәселелерді ортаға салды. Жаңа салынған мәдениет үйіндегі қаз-қатар тізілген орындыққа жайғасқан қариялар ақылдасып, сұрақтарын алдын ала дайындаған екен. Біріншісі, екіншісі… деп тұрып, перзентхана салу, қосымша жедел жәрдем бригадасын қою, ауыз судың сапасы және үйлерге жеткізілуі сынды мәселелерді жіпке тізгенде халықтың ұйымшылдығына, нақты проблеманы қысқа да нұсқа көтергеніне қарап іштей қайран қалдық. Ауыл тұрғындарының өзгеге үлгі болар бұл өзгешелігін айта кеткен ағаттық болмас. Мұны мұқият тыңдаған аудан басшысы, әр мәселеге тиянақты жауап берді. Мәселен, ауыз су сапасын «Қордай су» мекемесінің басшысы арнайы мамандарды шақыртып, тексеретін болса, перзентхана салу үшін халық саны жетпей тұрғаны айтылды. Десе де, аудан әкімі ауыл ақсақалдарына арнайы хат жазғызып, жоғарыдағы басшылыққа осы проблеманы жолдауға кеңес берді. Сонымен қатар, Бегзат Болатбеков биыл Отар ауылдық округінде 17 жоба іске асырылатынын жеткізді. Атап өтсек, №43 орта мектептің қазандығы табиғи газға ауыстырылады, Кебекбай көшесіндегі балалар ойын алаңшасы жөнделеді, сонымен қатар жаңа Отар және Бел ауылдарында балалар ойын алаңшасы салынады. Бел ауылында шағын футбол алаңшасы да бой көтермек, ең бастысы Отар ауылына баратын автожол жөнделеді. Аудан әкімі тағы бір күрделі мәселе – жайылым жер жайында да сөз қозғап, Отар ауылы маңында су қойма салу мәселесі де жоспарда екенін атап өтті.

Жиынға қатысқан тұрғындардың тарапынан медицина саласына қойылатын сұрақтар көп болды. Осы ретте Бегзат Сейсенқұлұлы аудандық бас дәрігерге бірқатар тапсырмалар берді. Ауыл ақсақалдары басшылықтың жұмыстарына оң бағасын беріп, алғыстарын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.