Қордай аудандық Мәдениет үйінде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған форум өтті. Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» бағдарламасы аясында жиналған қауым өкілдері, зиялы қауым мен ұлттың тірегі саналатын ардагерлер, жастар мен білім саласының қызметкерлері бұл айрықша шарада халқымыздың даму жолында маңызды мәселелерді талқылады.
Алдымен қатысушыларға этнос өкілдерінің қолөнер және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап көрмесі таныстырылды. Форумға аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов, «Әкелер» және «Аналар алқасы» кеңестерінің төрағалары Сәрсенбай Мыңбаев пен Хадиша Оспанова, сондай-ақ облыстық шығармашылық орталығының қызметкері Назира Нарбатырова, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, білім беру мекемелерінің басшылары, Ассамблея мүшелері, белсенді жастар орталығы мен қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, имамдар, мектеп пен колледж оқушылары қатысты. Бұл басқосу ұрпақтар арасындағы рухани іліністі берік етуге бағытталған негізгі мақсатты айқын көрсетті.