ҚОРДАЙ АУДАНЫНА ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ КЕЛДІ

0

Қордай ауданына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова келді. Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровпен бірге Тамара Босымбекқызы Гвардейский қалашығында өткен жылдары ғылыми зерттеу институты қызметкерлеріне арнайы салынған көп қабатты тұрғын үйлер мен сол маңда бой көтерген спорттық-сауықтыру кешені жұмысымен танысудан бастады.

Осыдан кейін «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтына» барып, мамандармен кездесті. Жалпы институттың бүгіні туралы БҚПҒЗИ бас директоры Аслан Керімбаев баяндама жасап, қазіргі таңда қолға алынып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Ықтимал биологиялық қатерлердің орын алу үрдістерін, жануарлар мен адамдар үшін патогенді экзотикалық және трансшекаралық инфекциялардың пайда болуының мүмкіндіктерін болжай алатын, вирусология, биотехнология және биологиялық қауіпсіздік проблемаларын шешу үшін жоғарғы деңгейлі ғылыми-зерттемелік әзірлемелерді ұсынатын институт жұмысы сан алуан. Оған сапар барысында көз жеткізілді.

Осыдан соң Премьер-министр орынбасары «ВSL-3» өндірістік цехының құрылысы жұмыстарымен танысты. Құрылыс қарқыны турасында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, «Ка-Строй ЛТД» ЖШС құрылыс учаскесінің басшысы, жоба жетекшісі Б.Бектұрғанов баян етті. Келесі кезекте «Отарбиофарм» ЖШС жұмысымен танысты.  Отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту, иммунобиологиялық препараттар өндіру саласындағы кадрлардың біліктілігін арттыру, патогендерден туындаған аурулардың алдын алуға және емдеуге арналған стратегиялық Медициналық және ветеринариялық препараттардың импортына ҚР тәуелділігін төмендету, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезеңде препараттардың құнын көтерумен байланысты тәуекелдерді болдырмауды, елдің биологиялық қорғалу деңгейін арттыруды  өзіне мақсат тұтатын «Отарбиофарм» жұмысына сәттілік айтылды.

Тамара Дүйсенова аталмыш серіктестік ғимаратында жалпы кеңес өткізіп, Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған институт жұмысын жандандыру, өндіріс цехы құрылысын сапа мен мерзімге сай аяқтау турасында бірқатар ұсыныстар мен ескертулер айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.