ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІПКЕ МӘН БЕРУ ҚАЖЕТ

0

Аудан әкімдігінде  «Құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі»  ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті. Оған Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Байболат, бөлім мен мекеме басшылары, құқық қорғау органдары өкілдері мен ауылдық округ әкімдері қатысты.

Комиссия отырысының күн тәртібіне бір сұрақ шығарылды. Ол – Қордай ауданында құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында 2024 жылдың 3 айының қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы болды. Күн тәртібіне сәйкес бірінші болып Қордай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Манас Абдикеримов баяндама жасады. Онда 2024 жылдың 3 айында  полиция тарапынан айыппұл, жол жүру қозғалысы, адам саудасы, құқық бұзушылық, қылмыс, есірткі бизнесінің алдын алу және т.б бойынша атқарылған жұмыстар туралы толығымен баян етіліп, сол баяндамаға қатысты бірқатар сұрақтар да қойылды. Оның ішінде есірткі бизнесінің алдын алу, жол ережесін сақтау бойынша сұрақтар хаттамаға енгізілді.

Мәселен, жиынға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет Кенен ауылы маңынан өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы арқылы ауыл азаматтары зираттарға өте алмай қалғанын жеткізді.

Өйткені, жолдан өту туралы арнайы белгілер қойылмаған. Бұл үлкен қауіп тудырып отырғаны тағы бар. Сондай-ақ, әсіресе ертеңгілік уақытта Қордай ауылындағы Төле би көшесі бойында көлік қозғалысының қиындығы, кептелістер, жол ережесін өрескел бұзушылықтың артқаны жайы да айтылып, полиция шара қолданса, деген ұсыныс берілді. Екі сұрақ та аудандық полиция бөлімі назарына алынды. Ал, аудан басшысы жақында Бетқайнар ауылы тұрғындарымен болған кездесуде Бетқайнар мен Соғандыда қауіпсіздік жайында тұрғындар тарапынан түскен шағымды еске салды. Ол бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

Жиынға қатысқан Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі қазіргі таңда Президент әкімшілігі тарапынан қатаң бақылауға алынғанын айтып, осылардың ішінде есірткі транзиті,  синтетикалық есірткіні әсіресе жастар арасында қолданудың алдын алу бойынша жұмыстарға аса мән беруге шақырды.

Ведомствоаралық комиссиясының отырысы барысында Қордай аудандық пробация бөлімінің бастығы Т.Ошановтың да атқарылған жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды. Сотты болған азаматтарды жұмыспен қамту, олардың қайта қылмысқа баруының алдын алу бойынша баяндамашыға бірқатар ескертулер мен ұсыныстар да айтылды. Оның да себебі бар. Өйткені, пробация есебінде тұрған екі азамат қайта қылмысқа барған. Осы орайда аудан басшысы пробация есебінде тұрған жандарды қайта бейімдеу, олардың әлеуметтік мәселелеріне мән беру, соған жауапты органдардың тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу керектігін баса айтып, бірқатар мамандарға тапсырмалар жүктеді.  Жиын соңында күн тәртібіне сәйкес шешім жобалары қабылданды.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.