ҚОРДАЙДА ҚАРҚЫНДЫ ДАМУ БАР

0

Қордай ауданы республикадағы дамудың қарқынды жолына түскен аудандардың бірі. Ауданымызда тұрғын үй, мектеп, ауруханалар бой көтеріп, аграрлық сала қарқынды дамып келе жатыр. Әлеуеті зор, батыл бастамаларды іске асыруға қабілетті ауылдардың ажары ашылып, абаттандырылу үстінде. Бірлігі бекем, татулықты ту еткен елдің қашанда бағындырар биігі аз болмайды. Ондай ел тек дамудың даңғыл жолына түсіп, небір асуларды аларына күмән жоқ.

Іргелі ауданның тынымды тірлігі де талайға үлгі. Алайда, әлі де болса алда қолға алар жұмыстар жетерлік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары»  атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауы алдағы атқаратын жұмыстарымыздың бағытын айқындап, бағдарымызды көрсетіп берді.

«Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше», — деп атап өтті Президент. Осы орайда аудандық сервистік әкімдік алаңында апта сайын аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, талап-тілектеріне құлақ асу біздің тұрақты жұмысымызға айналды. Осыған дейін қабылдау өткізіп, оған 367 азамат келді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ауданда нақты іске асырудың бірден бір жолы деп білеміз.

«Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз», — деген Мемлекет басшысының сөзі көңілге сенім ұялатады. Осы орайда еліміздің экономикалық көрсеткіштеріне ауданымыздың да қосып отырған үлесі қомақты екенін алға тартқым келеді. Мәселен, Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бүгінгі таңда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 11608,0 млн. теңгенің өнімдері өндірілсе, ауыл шаруашылығында 24979,4 млн.теңгенің өнімі өндірілді. Инвестиция есепті кезеңде 20465,3 млн. теңге болып отыр.  Құрылыс көлемі 11412,3 млн.теңгеге орындалып, 28,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бөлшек тауар айналымының көлемі 20281,9 млн. теңгені құрады.

Осылардың қатарында аграрлы аймақтардың жайы да Президент назарынан тыс қалған жоқ. «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн», — деді Президент.

Бұл мәселе қазіргі таңда Қордай ауданында өте көкейтесті мәселе болып отырғаны баршаға белгілі. Биыл суармалы су тапшылығынан шаруалар шығынға батты. Келер жылы осының алдын алу үшін жүйелі жұмыстарды қолға алудамыз.

Мәселен, Қордай ауданында «ҚАЗСУШАР» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл филиалына қарасты «ЖМК-43» құрылыс-жөндеу бөлімшесі жұмыс істейді. Негізгі жұмысы Қырғызстан Республикасы аумағындағы «Орто Токой» су қоймасынан бастап «Қара балтаға» дейінгі каналдарға техникалық жөндеу жұмыстарын жүргізетін мекеме өңірімізге суармалы судың дұрыс келуіне үлкен себепкер болып отыр. Мекеме жұмысын Қазақстан Республикасы қаржыландырады. Биыл соған қарамастан су мөлшерінің аздығынан шаруалар шығынға ұшырады. Мекеме қызметкерлерімен кездесу барысында келер жылы жағдайдың алдын алу,  шаруаларға барынша жағдай жасау, бірлесе жұмыс атқару бойынша ұсыныс жасап, кешенді жоспарлар құратын болдық. Сондай ақ қазірден бастап аудан әкімдігі, су шаруашылығы мен шаруа қожалық өкілдері болып келер жылы суды көп талап етпейтін дақылдарды отырғызу бойынша да жоспар құрып, оны талқылаудан өткізбекпіз.

Бұл турасында диқаншы қауыммен болған бірнеше кездесуімізде де айтқан болатынмын.

Президент Жолдауында: «Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу. Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет.Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы», — деді. Осы орайда ауданымызда Ырғайты өзеніндегі Ырғайты су қоймасы (15,2 млн.м³),  Қалғұты өзеніндегі Қалғұты су қоймасы (15,0 млн.м³) және Қарақоңыз су қоймалары кеңейтіліп, жөндеуден өтетін болады. Бұл жобалар іске асқан жағдайда көршілес Қырғыз Республикасынан вегетациялық кезеңде суармалы су бойынша тәуелділікті ішінара азайтып, аймағымыздың ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына мүмкіндік беріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етері анық.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек», — деген Президент тапсырмасын жүзеге асыруға ауданда күш салатын боламыз. Ауданымызда 2020 жылдан бері «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда онда тәжірибелі психологтар мен медициналық қызметкерлер зорлық-зомбылық көрген азаматтарға қызмет көрсетуде.

Мемлекет басшысы: «Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды.Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет», — деген тапсырмасы ауданымызда лайықты іске асуда. Мысалы, биыл жалпы құны 32,5 миллиард теңгені құрайтын ондаған инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Ол  бойынша 456 жаңа жұмыс орны ашу көзделген. Жобалардың қатарында сүт-тауарлы фермасын, құс фабрикасын, макарон цехын, көкөніс қоймасын, этно-туризм орталығын салу және тағы басқалар бар. Олардың бірқатары іске асты. Қазіргі таңда аумақта «Monterra Qasaqstan» ЖШС тау-кен металлургия комбинатының, «KORCEM» ЖШС цемент зауытының құрылыстары жүзеге асуда. Ірі жобалардың қатарында «Eco – Chicken» модульдік құс фабрикасы (жылына 540 тонна құс етін өңдеу), «TARAZ EKO FISH» ЖШС форель өсіру (жылына 67 тонна өнім) бар.

«Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті.2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек», -деді Президент өз сөзінде. Бұл салаға Қордай ауданының қомақты үлесі бар,әлі де болады деп айта аламыз. Қордай асуындағы «Изен-Су» ЖШС іске қосылғанда оның жылдық қуаттылығы бар болғаны 1,5 мегаватты құраған, жыл сайын ол артып келеді. Жобалық құны – 329,6 миллион теңге. Оның құрылысына бөлінген жер телімі 35 гектар аумақты алып жатыр. Асудағы тағы бір жел электр станциясының келесі үлескері – «VISTA INTERNATIONAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 66,9 гектарда орналасқан жел электр станциясында 21 мегаватт электр қуаты өндіріледі. Онда Германиядан жеткізілген қондырғылар орнатылған. Серіктестік үш-төрт жылда құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасын іске қосты. Оның өндіріс қуаты жыл санап артып келеді. Үшінші еншілес компания «ВетроИнвест» ЖШС 30,65 мегаватты құрайтын жел станциясын бар. Оның жобалық құны 12 миллиард 753 миллион теңгені құрайды. Станция 258,67 гектар аумақты алып жатыр. Онда 50 адам жұмыспен қамтылған. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Сондай-ақ, «Отар» күн электрстанциясы. Жобаның қуаттылығы – 0,5 мегаватт. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр станциясының жылдық қуаттылығы 504 киловатт. Бүгінгі таңда «Отар» күн электр станциясының белгіленген қуаттылығы – 7 мегаватқа жеткен.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады», — деді Президент Жолдауында. Жоғарыда аталып өткен «Жайлы мектеп» жобасы ауданымызда табысты іске асып жатқанын да ерекше атап өткім келеді. Жоба аясында Қаракемер, Қарасу ауылдарындағы 300 орындық мектеп және 1 жоба — Бәйтерек ауылындағы 150 орындық мектеп құрылыстары жүруде. Одан бөлек «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024 жылы Қордай ауылында 900 орындық мектептің құрылысын салу жоспарда бар.Тағы айта кетерлігі, денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда жалпы сметалық құны 43,9 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба құрылыс басқармасы арқылы жүзеге асырылуда.

Президент Жолдауында миллионға жуық адам тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болғанын атап өтті. Мұнда Қордай ауданы да қалыс қалған жоқ. Аудан азаматтарын тұрғын үймен қамту мәселесіне тоқталатын болсам, тұрғын үй кезегінде 2315 азамат кезекте тіркелген. Қазіргі таңда аудан бойынша 30 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен 288 млн. теңге қаражат бөлінді. Осы жоспарды орындау мақсатында арнайы 4 пәтерлі 1 қабатты тұрғын үйдің эскиздік жобасы әзірленді. Әр пәтердің көлемі 58 шаршы метрді құрайды. Осы жоба аясында мердігер анықталып, қазіргі таңда Қордай ауылында тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес 12 пәтерлі 3 үйдің құрылысы, 16 пәтерлі 4 үйдің құрылысы аяқталып, сатып алынбақ. Қалған 2 тұрғын үйді осы айда сатып алу жоспарда бар. Сонымен қатар, ағымдағы жылы тағы да 20 пәтерді сатып алу үшін облыс әкімдігінің құрылыс басқармасына жалпы соммасы 192 млн. теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды. Бұл өтінімдер қолдау тапса Қордайда қоныс той көбейетін болады. Одан бөлек, «Асар» жобасы аясында 2023 жылға 16 аз қамтылған отбасыны жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның ішінде  3  жаңа құрылыс, 9 сатып алу, 4 күрделі жөндеу арқылы жүзеге аспақ. Бүгінгі күнге 8 тұрғын үй қолданысқа берілді. Осы орайда «Асарлатқан» ағайынға айтар алғысымыз шексіз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

Қордай ауылы «Батыс» ықшам ауданындағы 5 қабатты 60 пәтерлі №3,4 тұрғын үйлердің құрылыстары 2021 жылдан 2022 жылға өтпелі болып, 2022 жылы қабылдау қажет болған. Алайда, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мердігер «НұрҚұрылысБолашақ» ЖШС-гі жұмыстарын тоқтатып, қосымша қаржы қарастыру бойынша талап қойған.

Бүгінгі күнге аудан әкімдігі мен мердігер тарапынан келіссөз жүргізіліп, қосымша қаржы бөлу бойынша бір келісімге келді. Қазіргі таңда тиісті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аталған нысандардың құрылысын аяқтап, пайдалануға беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Сондай-ақ, осындай мәселемен Қарасай батыр ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.

«Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз.Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы», — деді Президент. Ендеше табанды еңбек жолында күш-қайратымыз жеткенше еңбек ететін боламыз.

Бегзат Болатбеков,

Қордай ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.