Өнер сүйер қауым бір тың дүние сахналанды десе, елең ете қалары сөзсіз. Қазіргі таңдағы цифрландыру мен әлеуметтік желінің қоғамдағы орны ерекшеленіп тұрған сәтте рухани дүниеге шөліркеп қалған көрерменнің талғамынан шығар дүниені ел мәдениет пен өнерден күтеді. Жақында сол бір көптен күткен сахналық қойылымның премьерасы өтіп, «көрген де арманда көмермеген де арманда» деген сөздің мағынасына сай болды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және «Адал азамат» қағидаты аясында аудандық Мәдениет үйінде жазушы Сәбит Досановтың «Қызғыш құс» атты әлеуметтік-психологиялық повесі негізінде «Қордай» халықтық театры сахналық қойылымды көрермен назарына ұсынды.
Адам тағдыры мен моральдық таңдауы, шығарма кейіпкерлерінің қиын өмірлік жағдайда өз арын, ұжданын сақтап қалуға тырысуы, шынайы сезім мен оған кедергі болатын әлеуметтік-рухани тосқауылдар, қоғамдық өзгерістер және жаны жаралы жан-жардың мінезі, әділетсіздік, мансапқорлық, дүниеқоңыздық сияқты кемшіліктерді шебер көрсете алған қойылым әсерлі болды. Жазушының психологиялық тереңдігі мен лирикалық сипатын көрерменге толық жеткізуге тырысты, соны ойдағыдай орындай алды.
Повестегі кейіпкерлердің рухани қайсарлығы, батырлығы ретінде суреттелетін Мәншүк Мәметованың бейнесі төңірегінде топталған оқиғалар желісі кімді болса да баурап алары сөзсіз.
Осыған дейін бірнеше сахналық қойылымға жетекшілік жасап, шыңдалған, қазіргі таңда аудандық Мәдениет үйінің режиссері, талантты өнерпаз Жомарт Тынышбай бұл күрделі шығарманы таңдауда жүрексіну сезімі болғанымен, оны алып шығуға ұжымның қарым-қабілетінің жететініне сенім артқанын айтады.
«Осы бір күрделі шығарманы сахналауға бізде уақыт аз болды. Дей тұрғанмен шығармашылық ұжым, оның ішінде актерлік құрам барлығына жақсы дайындықпен, үлкен жауапкершілікпен қарап, соның нәтижесінде көрермен жүрегіне жол тауып, ыстық ықыласына бөлендік. Алдағы уақытта «Қордай» халықтық театры жерлестерді тың дүниелерімен қуантады деп сенемін», — дейді режиссер Жомарт Тынышбай.
Осы орайда актерлер құрамына тоқталып өтсек: бұл спектакльде өнер көрсеткен басты рөл — Мәншүк Мәметованы сомдаған «Береке» колледжінің студенті, жас талант Айгерім Құлпыбай, Мәншүк Мәметованың анасының рөлін – аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Жанат Ақылбаева, Әлия Молдағұлованың рөлін – аудандық Мәдениет үйінің қызметкері, үйірме жетекшісі Ұлдана Табыс, Самал Ахметованың рөлін – аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Айдана Нұрқияс, Әзілхан Нұршайықов рөлін – аудандық Мәдениет үйі директорының орынбасары Елдар Боранбек, Нұркен рөлін – Еңбек ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Ержан Есеналиев, Әлім рөлін – Жамбыл ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Айдос Жанғалиев, Сәрсенғали рөлін – аудандық Мәдениет үйі директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Сәрсен Жұмабаев, Арман рөлін – Сарыбұлақ ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Армантай Нұрмағанбетов сомдады.
Қойылымды би композициясымен сүйемелдеген «Махаббат» халықтық би ансамблінің биші қыздары, жетекшісі Зияш Жазықбаева, ал батыр Мәншүк Мәметованың ерлігін бимен жеткізген Махаббат Баденоваға ерекше қошамет айтсақ жарасады.
Қойылымда техникалық жарық пен музыка сынды қосымша құрылғылармен көркемделген жандардың да еңбегін атап өтпеске болмас. Жарық қоюшысы – Қайрат Баденов, ал музыкамен көркемдеген – Төлепқұл Нұржігіт.
Аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Айдана Нұрқиястың тікелей қатысуымен сахналық киімдер дайындалды, ал актерлерге сай келуіне жауапты болған – костюмер Роза Тұрсынбаева.
Жалпы алғанда сахналық қойылымның жоғары деңгейде өтуіне барша Мәдениет үйі ұжымы атсалысып, оның нәтижесі көрермен қошеметінен айқын көрінді.
Бір сағаттан астам уақыт көрерменнің жан дүниесін сілкіндірген қойылым соңында сахнаға көтерілген аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Балпұқова гүл шоқтарын ұсына отырып, үлкен еңбек атқарған, көрерменді баурай білген, ең бастысы рухани таза, саф өнерді жеткізген театр ұжымына алғысын айтып, алда шығармашылық табыс тіледі.
Жандос ОМАРОВ