Жақында Қордай аудандық кітапханасының «Коворкинг» орталығында Қордай ауданының Құрметті ардагері ДҮКЕНБАЙ СЕГІЗБАЕВТЫҢ «Өмір өткелдері» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
Кітап екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімі өмірден мезгілсіз өткен туған бауыры Бақыт Сегізбаевтың рухына арналған. Ол облыстан шыққан талантты сәулетшілердің бірі болған. Тек облыс аумағында ғана емес, жалпы еліміздің сәулет өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған азамат туралы толғаныс десек артық айтқандық емес.
Ал, екінші бөлімде Дүкенбай Сегізбаевтың журналистік шығармалары мен қолтаңбалары топтастырылған.
Жаңа жинақтың тұсаукесеріне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет бастаған Президиум мүшелері, жазушы Жандарбек Қарабасов, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі Құрманбек Әлімжан, кітапхана және музей қызметкерлері, колледж студенттері қатысты.
Шара барысында қатысушылар автордың еңбек жолы мен жаңа кітабы туралы жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ізгі тілектері мен құттықтауларын жеткізді.
Дүкенбай Сегізбаев — еңбек жолын Красногор аудандық газетінде бастаған журналист. Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебінде білім алған. Сонымен қатар ауданның мәдениет саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған азамат.
Ол аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі, Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметтерін атқарған. Осыған дейін «Қордайдың жер-су атаулары», «Дала перзенті» атты кітаптары жарық көрген.
Дүкенбай Сегізбаев «Еңбек даңқы», «Қордай ауданының Құрметті ардагері» төсбелгілерімен, «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, сондай-ақ «Қордай шамшырағы» аудандық газетінің 90 жылдық мерейтойына орай аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына қосқан айрықша үлесі үшін мерекелік медальмен марапатталған.
Жаңа кітаптің алғы сөзін жазған ардагер журналист Құрманбек Әлімжан былай дейді: «Дүкенбайдың бұған дейін де бірнеше кітабы жарық көрген болатын. Мына жинағы да адам ғұмырының қилы қырларынан сыр шертетін бағалы дүниелерден құралған екен». Расында да солай.
Жаңа кітап көпшілік көңілінен шығары анық.
Ж.ОМАРОВ