17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай Қордай аудандық мәдениет үйінде жастар арасында «Заңды күлкі» атты аудандық жайдарман ойыны өтті.
Көңілді кешке ауданның төрт колледжінен келген «Қордайдың берекесі», «Ноғайбай жастары», «Жеті ұя» және «Элита» командалары қатысып, тапқырлықтары мен әзіл шеберліктерін ортаға салды.
Шараға Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл қатысып, студенттерді мерекемен құттықтап, жастарға шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі.
Ойын барысында командалар «Сәлемдесу», «Биатлон» және «Капитан сайысы» кезеңдерінде бақ сынады. Сонымен қатар, Тараз қаласынан арнайы келген «Тараз 2004» және «Әуесқой» командалары кештің көркін қыздырды. Колледж студенттері де өздерінің концерттік нөмірлерін ұсынды.
Сайыс қорытындысы бойынша:
🥇 І орын – «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжі;
🥈 ІІ орын – №7 Бетқайнар колледжі;
🥉 ІІІ орын – Қордай гуманитарлық-экономикалық колледжі.
Ал «Ноғайбай жастары» командасының жанкүйерлері «Үздік жанкүйер» номинациясы бойынша І орынға ие болды.
«Заңды күлкі» – жастардың шығармашылығын шыңдап, достық қарым-қатынасын нығайтуға және таланттарын танытуға мүмкіндік берген жарқын кеш болды.