ҚОРДАЙЛЫҚ ПАРАСПОРТШЫ ЖҮЛДЕЛІ ОРЫН АЛДЫ

0

Орынбасар Сұлтановты еске алуға арналған боччадан өткен ашық республикалық турнирде қордайлық параспортшы Назгүл Исакова жүлделі үшінші орынға ие болды.

Степное ауылында дүниеге келген Назгүл Исакова – қайсарлық пен табандылықтың жарқын үлгісі. 37 жастағы спортшы церебральды сал ауруы диагнозына қарамастан, спорттан өз жолын тауып, бочча спортымен өткен жылдың наурыз айынан бастап айналыса бастады. Қысқа уақыттың ішінде ол айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді.

Бүгінде Назгүл Жамбыл облысының құрамасының және Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының мүшесі. Ол – спорт шеберіне кандидат, ӘК-3 санаты бойынша біліктіліктен өткен рампист спортшы.

Спорттағы жетістіктері де назар аударарлық. 2025 жылы өткен VII республикалық спартакиадада үшінші орынға ие болды. Айтулы дода елімізде төрт жылда бір рет ұйымдастырылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Кубогында да қола жүлдегер атанды. Ал Жамбыл облысында Мүгедектер күніне арналған спартакиадада бірінші орын алып, жұптық сайыстарда үш алтын және бір қола медаль иеленді.

Республикалық турнирде жамбылдық параспортшылар командасы жалпы есепте үшінші орынға қол жеткізді. Ал жекелей сында Назгүл Исакова тағы да үздіктер қатарынан көрініп, қола жүлдені еншіледі.

Назгүлдің табандылығы мен спортқа деген құлшынысы көпшілікке үлгі. Ол – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ғана емес, барша жасқа жігер мен сенім сыйлап келе жатқан спортшы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.