ТАШКЕНТ ТӨРІНЕН ЖЕҢІСПЕН

0

Жақында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында атақты «Пахтакор» футбол клубының бұрынғы ойыншысы Толаған Исоковты еске алуға арналған ардагерлер арасындағы халықаралық турнир өтті. Аталған додаға Қордайдың «Достар» командасы арнайы шақырту алып, бақ сынап қайтты.

«Қызылтоғ» спорттық-сауықтыру базасында ұйымдастырылған халықаралық турнир жоғары деңгейде өтті. Дүбірлі додаға Ташкент қаласының ардагерлер құрамасы, Қазақстаннан екі команда және Қырғыз Республикасының ардагерлер құрамасы қатысты. Ерсін Ақпаев бастап барған жерлестеріміз финалға дейін сүрінбей жетіп, шешуші кездесуде өзбек командасына есе жіберіп, турнирдің күміс жүлдегері атанды.

— Көршілес әрі бауырлас Өзбекстан мемлекетінде өткен турнирге шақырту алып, өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе болды. Ұйымдастырушылардың қонақтарға көрсеткен құрметі мен сыйластығы өте жоғары деңгейде, деп айта аламын. Осындай халықаралық турнирге қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен «Достар» командасына айтар алғысым шексіз, — дейді команда капитаны Ерсін Ақпаев.

Қордайлық ардагерлер командасының сапында Е.Ақпаев, С.Сатов, К. Смағұлов, М.Оспанов, Д.Намазов, Е.Смағұлов, А.Ченгельбаев, Е. Әуельбеков, Д.Сабденов, А.Ванчанщи, Н.Сүлейманов, Е.Баймолдаев, Р. Машанло, А.Турланқұлов және Ж.Джелеубеков өнер көрсетті. Ардагер футболшылардың тартымды ойыны көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Турнир қорытындысы бойынша «Достар» командасының мүшесі Арман Ченгельбаев «Үздік ойыншы» атанды. Сондай-ақ көршілес елдің спортшылары құрмет белгісі ретінде команда капитаны Ерсін Ақпаевқа шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Жалпы, «Достар» ардагерлер футбол командасы 20 жылдан астам уақыт бойы салауатты өмір салтын насихаттап, өскелең ұрпаққа үлгі болып келеді. Осы уақыт аралығында олар аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп жүр. Сонымен қатар Қордай жерінде өздері де турнир ұйымдастырып, көршілес елдердің танымал футболшыларын бір аренаға тоғыстырғаны жанкүйерлер жадында.

Қордайлық аяқдопшыларды жарқын жеңістерімен құттықтаймыз! Алар асулары биік, жеңістері мол болсын!

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.