Қызылша алқаптарында жұмыс қызу

0

Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде қант қызылшасы өндірісін жандандыру мақсатындағы жұмыстардың ауқымы жыл өте кеңейіп келеді. Осы ретте отандық тұқым шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесімен қатар «тәтті түбір» өсіру ісіне де аса ден қойылған.
Айта кетсек, бұл мәселе қант өндірісін дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған салалық бағдарламасын іске асыру тұжырымдамасында айқындалған. Осыған орай, ауданда қызылша шаруашылығын жандандыру және алқап көлемін ұлғайту жөнінде ауқымды іс-шаралар жоспары жасалып, кең көлемде іске асырылуда.
Мәселен, биыл ауданда аталмыш дақыл 500 гектар алқапқа егілсе, Беріктас ауылындағы «Тарылған» шаруа қожалығы алғашқылардың бірі болып он гектар жерге «тәтті түбір» өсіруді қолға алған екен. Ш.Көшербаева басқарып отырған шаруашылық аталмыш дақыл түрін биыл осымен төртінші жыл қатарынан өсіріп келеді. Сәуір айында себілген қызылшаның түбірі қазірдің өзінде қажетті мөлшеріне жетіпті. Шаруашылық алқабына су «Қақпатас» су қоймасынан жетіп, арықтар арқылы суғарылады.
Қант қызылшасын өсіру оңай іс емес екені анық. Десе де, шаруалар білек сыбана іске кірісіп, дайындық жұмыстарын алдын ала жүргізеді. Мысалы, күзде сүдігер көтеріліп, минералды тыңайтқыштар шашылып, жер айдалады. Ал, ерте көктемде диқандар топырақты қопсыту, тегістеу, тырмалау және себу жұмыстарын, одан кейін өнген дақылды күтіп-баптау жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі таңда агроқұрылым жұмысшылары қызылшаның түбірін пайдалы фосфор аралас азоттық тыңайтқыштармен қоректендіруде.
«Тарылған» шаруа қожалығының өкілі И.Көшербаев ауаның райы қолайлы болған жағдайда жоғары өнімнен үмітті екенін айта келе, жанармай, минералдық тыңайтқыш сынды мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің пайдасы мол екенін алға тартты.

Қанат Бітіков

Leave A Reply

Your email address will not be published.