ҮЙДІҢ ЖЫЛУЫ — ҚАУІПСІЗДІКТЕН БАСТАЛАДЫ

0

Күздің қара суығы сезіліп, жылыту маусымы жақындаған сайын әр отбасының алдында үйін жылы әрі жайлы ету міндеті тұрады. Алайда отбасының жылуы мен жайлылығы қауіпсіздік талаптарымен қатар жүруі тиіс. Әсіресе үйде кішкентай балалар болса, қарапайым ғана көрінетін тұрмыстық жағдайлардың өзі үлкен қауіпке айналуы мүмкін.

 

Жылыту жүйелерін тексеру — басты талап

Жылыту маусымына дайындықты қыс түскенде емес, алдын ала бастаған жөн. Жеке үйлерде пештер мен мұржалардың жарамдылығын тексеру, түтін шығатын жолдардың тазалығына көз жеткізу, жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалануға дайындау маңызды. Пешті қараусыз қалдыруға, оның үстіне киім-кешек немесе тез тұтанатын заттарды жаюға болмайды. Жарықшақ пайда болған, ақауы бар пештерді пайдалануға мүлдем жол берілмейді.

Электр жылыту құрылғылары да ерекше назарды қажет етеді. Қуаты жоғары бірнеше құрылғыны бір розеткаға қатар қосу электр желісіне шамадан тыс күш түсіріп, өрт қаупін арттырады. Электр сымдарының қызуы, зақымдануы немесе розеткалардың ақауы байқалса, оны өз бетінше жөндеуге асықпай, арнайы маманның көмегіне жүгінген дұрыс.

Балалар қауіпсіздігі және терезеден құлаудың алдын алу

Көпқабатты үйлерде қауіптің тағы бір маңызды түрі бар — ол балалардың терезеден құлап кетуі. Балалар табиғатынан қызығушылыққа бейім келеді. Терезе алдында тұрған ойыншық, сырттағы қызықты көрініс немесе ата-ананың бір сәтке бөлмеден шығып кетуі күтпеген қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін. Сондықтан терезені бала қауіпсіздігі тұрғысынан да қарастырған жөн.

Терезе маңына орындық, үстел, диван немесе бала оңай көтеріліп алатын басқа да жиһаздарды қоймаған абзал. Терезені ашық қалдырмау, балаларды бөлмеде жалғыз қалдырмау және терезелерге арнайы бұғаттағыш фиксаторлар орнату — қайғылы жағдайдың алдын алудың қарапайым, бірақ ең тиімді жолдары.

Ас үйдегі газ және электр жабдықтары, сіріңке мен оттық, розеткалар, дәрі-дәрмек, тұрмыстық химия секілді заттардың барлығы баланың қолы жетпейтін биік жерде сақталуы тиіс. Әсіресе сіріңке мен оттыққа ерекше көңіл бөлген жөн. Баланың отпен ойнауы бір сәтте үлкен өртке ұласуы мүмкін. Сондықтан балаға өрттің қауіпті екенін түсіндіріп, төтенше жағдай кезінде не істеу керектігін жасына қарай үйрету қажет. «Өрт шықса, жасырынып қалма, үлкендерге хабарла және қауіпсіз жерге шық» деген секілді қарапайым түсіндірудің өзі үлкен рөл атқарады.

Өрт қауіпсіздігі мәселесінде ата-ананың жеке үлгісі де маңызды. Балалар ересектердің әрекетін айнытпай қайталайды. Егер үйде электр құрылғылары қараусыз қосылып тұрса, пештің маңында жанғыш заттар сақталса немесе қауіпсіздік ережелері еленбесе, баладан сақтықты талап ету нәтиже бермейді.

Шағын «қауіпсіздік тексерісі»

Жылыту маусымы басталар алдында әр отбасы өз үйінде шағын «қауіпсіздік тексерісін» өткізгені дұрыс. Үйдегі электр сымдары мен розеткаларын, жылыту құрылғыларын, пеш пен мұржаны, газ жабдықтарын, терезелердің қауіпсіздігін толық қарап шығу қажет.

Көпқабатты үй тұрғындары үшін эвакуациялық жолдардың қауіпсіз болуы да маңызды. Дәліздер мен баспалдақтарда шығуға кедергі келтіретін заттарды жинап қоюға болмайды. Төтенше жағдай кезінде адамдардың қауіпсіз жерге тез шығуы үшін ортақ пайдаланылатын жолдар бос әрі қолжетімді болуы тиіс. Егер үйде түтін немесе өрт байқалса, ең бастысы — сабыр сақтап, балаларды мүмкіндігінше тез қауіпсіз жерге шығарып, тиісті қызметтерге («101» немесе «112») хабарлау қажет.

Балалардың қауіпсіздігі — тек ата-ананың емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Үйдегі әрбір ересек адам қарапайым сақтық шараларын орындаса, көптеген жазатайым жағдайлардың алдын алуға болады. Үйдің жылуы пештен немесе жылытқыштан басталуы мүмкін, ал оның шынайы жайлылығы — қауіпсіздіктен басталады.

 

А. Кенетаев,

Қордай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері,

азаматтық қорғау лейтенанты

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.