Жер сілкінісі – алдын ала болжануы қиын, кенеттен болатын қауіпті табиғи құбылыс. Ол адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, ғимараттар мен мүлікке елеулі зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан әрбір азамат жер сілкінісі кезінде дұрыс әрекет ету тәртібін білуі және төтенше жағдайға алдын ала дайын болуы қажет.
Егер сіз ғимарат ішінде болсаңыз, ең алдымен сабыр сақтап, дүрбелеңге жол бермеңіз. Терезелерден, айналардан, шкафтар мен басқа да ауыр жиһаздардан алыс тұрыңыз. Қауіпсіз орын ретінде берік үстелдің астына жасырынуға немесе ішкі қабырғаға жақын жерде қорғануға болады. Басыңыз бен мойныңызды қорғаңыз.
Жер сілкінісі кезінде лифтіні пайдалануға болмайды. Электр қуаты өшіп қалуы немесе лифт ішінде қалып қою қаупі бар.
Ғимараттардың қабырғаларынан, балкондардан, электр бағандары мен сымдарынан, ағаштардан және басқа да құлауы мүмкін нысандардан барынша алыс тұрыңыз. Мүмкіндігінше ашық әрі қауіпсіз жерге барып, жер сілкінісінің аяқталуын күтіңіз.
Көлікті қауіпсіз жерге тоқтатып, көлік ішінде болыңыз. Мүмкіндігінше көпірлерден, тоннельдерден, эстакадалардан, ғимараттардан және электр желілерінен аулақ жерге тоқтаған жөн. Жер сілкінісі аяқталғанша көліктен орынсыз шықпаңыз.
Жер сілкінісі тоқтаған соң айналаңыздағы жағдайды бағалаңыз. Газдың, электр желілерінің немесе су құбырларының зақымданғанын байқасаңыз, қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, тиісті қызметтерге хабарлаңыз. Газдың иісі сезілсе, сіріңке жақпаңыз және электр қосқыштарын пайдаланбаңыз.
Зақымданған немесе қирау қаупі бар ғимараттарға кірмеңіз. Жарақат алған адамдарға мүмкіндігінше алғашқы көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда 112 нөмірі арқылы құтқару қызметіне хабарласыңыз. Қайталама жер сілкіністері болуы мүмкін екенін ескеріңіз.
Төтенше жағдайға алдын ала дайындық – қауіптің салдарын азайтудың маңызды жолы. Үйде алғашқы көмек қобдишасын, ауызсу қорын, қолшамды, қосымша батареяларды, қажетті дәрі-дәрмектерді және басқа да маңызды заттарды дайындап қойған жөн.
Отбасы мүшелерімен бірге төтенше жағдай кезінде қайда жиналатыныңызды және қауіпсіз жерге қалай шығатыныңызды алдын ала талқылаңыз.
Есте сақтаңыз: жер сілкінісі кезінде дұрыс әрі сабырлы әрекет ету адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Қауіпсіздік ережелерін білу және оларды сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі.
А. Кенетаев
Қордай ауданы ТЖБ инженері,
Азаматтық қорғау лейтенанты
Түнгі тыныштықты бұзатындарға қашан тыйым болады?