Алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға дайындық барысы Қордай ауданында өткен кеңейтілген жұмыс кеңесінде жан-жақты талқыланды. Жиынды аудан әкімі Бегзат Болатбеков жүргізіп, жауапты құрылымдардың әзірлік деңгейін пысықтады.
Кеңес барысында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асылбек Сырлыбаев негізгі баяндама жасап, бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, аудандағы барлық сайлау учаскелері материалдық-техникалық тұрғыдан толық тексерістен өткізілуде. Дауыс берушілердің тізімдері нақтыланып, учаскелік комиссия мүшелері арнайы оқытудан өткен. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен егде жастағы тұрғындар үшін қолжетімді орта қалыптастыру мәселесі басты назарда.
Аудан басшысы өз сөзінде референдумның ел арасында маңызын атап өтіп, бұл саяси науқанды жоғары деңгейде ұйымдастыру – баршаға ортақ міндет екенін айтты. «Дауыс беру үдерісінің ашықтығы мен заң талаптарына сай өтуі – халық сенімінің негізі. Әрбір қызмет салалық міндетін мінсіз атқаруы тиіс», – деді ол.
Жиынға қатысқан ауылдық округ әкімдері аумақтардағы дайындық барысы жөнінде есеп берді. Қоғамдық тәртіпті сақтау, дауыс беру күні пайдаланылатын нысандардың дайындығы, байланыс пен электр желілерінің тұрақты жұмысы, көлік қатынасы сынды мәселелер толық қамтылғаны айтылды. Сондай-ақ тиісті бөлімдер қауіпсіздік шаралары мен техникалық қолдауды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды баяндады.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Тұрғындарға референдумның маңызы, дауыс беру тәртібі мен учаскелердің жұмыс кестесі туралы кең көлемде мәлімет берілуде. Бұл бағытта жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің әлеуеті тиімді пайдаланылуда.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі жауапты тұлғаларға дайындықтың әр кезеңін жіті бақылауда ұстауды, туындауы мүмкін мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырды. Алдағы күндері жұмыс топтары сайлау учаскелерін аралап, қорытынды тексеру жүргізбек.
Жиында айтылған мәліметтерге сүйенсек, Қордай ауданында референдумға дайындық жұмыстары жоспарға сай жүзеге асуда. Ендігі міндет – маңызды саяси шараны ұйымшылдықпен өткізіп, тұрғындардың белсенді қатысуына жағдай жасау.