Үздік сарбаз үлгі бола білді

0

Гвардейск гарнизонындағы танк бригадасының үздік сарбазына қысқа мерзімді демалыс берілді.

Қарулы Күштерімізде қызметіне адал, жақсы жағынан көзге түскен әскери қызметшілер көтермеленетіні сөзсіз. Соның бірі 21450 әскери бөліміндегі 1 танк батальонының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Вячеслав Лезныйға үлгілі тәртібі мен жауынгерлік даярлықта үздік көрсеткіштері және қызметтегі ынта-жігері мен ерекшелігі үшін он тәулік қысқа мерзімді демалыс берілді.
Вячеслав 2004 жылдың 9 наурызында Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Пресновка ауылында туылған. Ол, 2022 жылдың 13 сәуірінде Солтүстік Қазақстан облысының Қорғаныс істері департаментінен Құрлық әскерлерінің кіші мамандар даярлайтын оқу орталығына әскер қатарына шақырылған болатын. Атаулы бөлімде 6 ай көлемінде Т-72 танк техникасының көздеуші-операторы лауазымында мерзімді қызметін өткеріп, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Гвардейск гарнизонындағы 21450 әскери бөліміне әскери қызметін жалғастыруға жіберілген болатын.
Қазіргі таңда ол 1-ші танк батальонында танк техникасының көздеуші-оператор мамандығы лауазымында мерзімді қызметін атқарып жүр. Ол қызмет өткерген уақытында өзін тәртіпті және атқарушы әскери қызметші ретінде ақылға қонымды бастама көрсетіп, батальон мен бөлімнің қоғамдық өміріне белсене араласты. Гарнизондық және қарауылдық қызмет Жарғысының талаптарына сәйкес қарауыл қызметінде өзін жақсы жағынан таныта білді. Атыс дайындығы сабағында Т-72 танк қару-жарағынан бақылау ату жаттығуын орындау барысында жоғары нәтижелер көрсетіп, қаруластарына үлгі бола білді.
– Мен оқу орталығында алған білімімді жауынгерлік дайындықта қолданып, жақсы нәтиже көрсеттім. Бөлім командирі көтермелеп, маған қысқа мерзімді демалыс берді. Мен мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Қорғаныс министрлігінің сарбаздарға жасаған жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі арқылы жоғарғы білім алғым келеді. Достарыма, бауырларыма айтарым олар да мен сияқты әскерде қызмет етіп, Отан алдындағы борыштарын атқарсын дегім келеді. Әскер – нағыз ерлерді дайындайтын жер, – дейді қатардағы жауынгер Вячеслав Лезный.
Айта кету керек үздік сарбаздың жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықтағы тамаша көрсеткіштерінің арқасында және еңбекқорлығы мен адал қызметі үшін оны батальон мен әскери бөлім басшылығы бірнеше рет көтермелеген.

Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.