ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕУ

0

Әлжан ана ауылының тарихи музейінде ауылдық мәдениет үйімен бірлесіп, Наурызнама онкүндігі аясында 16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне» орай тағылымы мол мәдени іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шара қазақтың бата беру дәстүрімен басталып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Музей қабырғасында халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тәрбиелік мәні зор бесікке салу, баланың бауырынан табақ алу, сондай-ақ тұсау кесу дәстүрлері сахналық түрде көрсетілді.

Бесікке салу – жаңа туған нәрестені бесікке бөлеп, оған ақ тілектер айтып, сәбидің өмірі берекелі, болашағы жарқын болсын деген ниетпен жасалатын қасиетті рәсім. Ал еңбектеп жүрген сәбидің бауырынан табақ алу – баланың ширақ, дені сау болып өсуін тілейтін ырым. Сондай-ақ, бала тәй-тәй басып жүре бастағанда жасалатын тұсау кесу дәстүрі арқылы үлкендер баланың жолы ашық, қадамы нық болсын деп ақжол тілейді.

Аталмыш іс-шараға №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің 5-сынып оқушылары көрермен ретінде қатысып, ұлттық салт-дәстүрлердің мән-маңызымен танысты.

Шара барысында ауылдық әжелер ансамблі дәстүрлі әндерді орындап, ұлттық рухты көтерсе, ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері халыққа кеңінен танымал «Ақсәулем» әнін орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Осындай тағылымы мол шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ата-бабадан қалған салт-дәстүрді ұлықтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.