ҚОРДАЙ ШЕБЕРЛЕРІ «АЛАМАН ҚҰРАҚ» ЖОБАСЫНДА

0

Өскемен төрінде ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатқан ауқымды шара өтті. «Ғасырлар дәстүрі» халықаралық сәндік-қолданбалы өнер және кілем тоқу фестивалі аясында ұйымдастырылған IV халықаралық ұлттық-мәдени «Аламан құрақ – IV» жобасы қазақтың қолөнерін әлемге тағы бір мәрте танытты.

Еліміздің 17 облысынан жиналған құрақшылар «Шығыс Алтай» стадионында ұзындығы екі шақырымнан асатын алып құрақ көрпе тігіп, бұрын-соңды болмаған рекорд жасады. Ауқымды жобаға 789 қолөнерші қатысып әрқайсысы арнайы әзірленген 789 құрақ көрпе мен жылқы бейнесі бейнеленген 789 жастықшаны ала барған. Нәтижесінде ұлттық нақыштағы бұл ерекше туынды халықаралық рекордтар кітабына енді.

Игі бастамадан Жамбыл облысының шеберлері де шет қалған жоқ. Олардың қатарында Қордай ауданының қолөнершілері де белсенділік танытты. Ауданнан сегіз тігінші қатысып, қазақ халқының терең дүниетанымы мен бай мәдени мұрасын кеңінен насихаттады.

Шараға қатысқан қордайлық қолөнершілердің бірі Әлия Чолпонкуловамен тілдескен едік. Ол бұл сапардың рухани мәні ерекше болғанын айтады.

– Мұндай шаралар ұлт өнерінің өміршеңдігін айқын көрсетеді. Әсіресе, әр буын өкілдерінің бір алаңда бас қосып, бірге еңбек етуі – дәстүр сабақтастығының жарқын көрінісі. «Аламан құрақ» жобасы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Былтыр Алматы қаласындағы Медеу мұз айдынында өткен шараға қатысып, 660 қолөнершімен бірге күміс медаль алған едік. Биыл қатысушылар саны артып, ұлттық өнердің ауқымы бұрынғыдан да кеңейе түсті. Нәтижесінде алтын медаль иеленіп қайттық. Бұл – барша қолөнершілер үшін үлкен мәртебе, — дейді шебер.

Сонымен қатар, Әлия Дүйшенқызы қолөнершілерге қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылығын білдірді.

– Ауыл әкімі Әділет Қаспақбаевқа алғысымыз шексіз. Былтыр да, биыл да қордайлық қолөнершілерге қолдау білдіріп, сапарымызға жағдай жасады. Сондай-ақ, мені әрдайым қолдап жүретін жолдасыма да ерекше рақмет. Өскеменге бірге барып, қуанышымызды бірге бөлісті, — дейді ол.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеген бұл жоба тек рекорд орнатумен шектелмей, қазақ қолөнерінің қадір-қасиетін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа өнеге болған тағылымды шара ретінде есте қалғаны сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.