Иә, ұлттық рухымыздың бір тармағы ата-баба мұраларынан сыр шертетін, олардың қалдырған өнегесін кейінгі ұрпаққа танытар ол музейлер екені анық. 18 мамыр – Халықаралық музей күні. Халықаралық музейлер кеңесі бұл атаулы күнді 1977 жылы бекіткен. Осы күні әлем елдеріндегі музейлерде музей түні акциясы ұйымдастырылады.
«Өткеніңді білмесең, өскенің қайсы» демекші, елінің өткені мен тарихын білгісі келетін әрбір адам музей есігін ашады. Елу жылдан астам тарихы бар «Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейі» – ауданның тарихи-мәдени мұрасын сақтап, насихаттайтын маңызды мәдени орталықтардың бірі.
Тарихи-өлкетану үйірмесінің негізі 1975 жылы қаланып, 1995 жылы қайта құрылды. 2012 жылы дербес коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болды. 2018 жылы аудандық мәдениет үйімен бірігу жолымен «Аудандық мәдениет үйі және тарихи-өлкетану музейі» болып қайта құрылды. Музей 1960 жылы салынған бір қабатты ғимаратта орналасқан. Жалпы аумағы – 232 шаршы метр, оның 172,6 шаршы метрі экспозицияға арналған.
Қандай музейді алсаңызда ең басты мақтанышы ол әрине, көрермен назарына ұсынылатын экспозициялар. Ол музейдегі кез келген тақырыптың халыққа жету жолы болып табылады. Музей құрылымы алты залдан тұрады. Атап айтқанда, «Жануарлар мен өсімдіктер дүниесі», «Көне және орта ғасыр дәуірі», «Кеңес дәуірі тарихы», Егемендік кезеңіндегі түрлі салалардың (ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет және т.б.) жетістіктері, «Мәдени-этнографиялық тұрмыс-салт бұйымдары», «Көрме залы».
Өзінің әлеуметтік қажеттілігін атқара отырып, мұражай мәдениетаралық және ұлтаралық байланыстарды нығайтуға, түрлі ұлттар мен олардың мәдениетін негізге ала отырып, адамзаттың рухани-мәдени бірлігін сақтаудың орталығына айналды. Музей қорында 3000-нан астам жәдігер жинақталған. Ерекше маңыздылары, «Георгиевск» қалажұртынан (Х–ХІІ ғғ.) табылған қыш құмыра мен асықтар, тұңғыш әйел-дипломат Балжан Бөлтірікованың жеке заттары мен марапаттары, Генерал-майор Нұрғали Смағұловтың әскери формасы мен қызметтік құжаттары.
Ел үшін тер төккен тау тұлғалардың ерен еңбектері мен сайын даланың қойнауындағы көне дәуірдің жәдігерлерін жинақтап, қорғалып, сақталған айтулы музей бүгінгі күнде ауданның абыройын асырып тұр.
Өткенге құрметпен қарап, бүгінгі күнді қадірлеп, келешектің қамын ойлау – көпшіліктің басты міндеті.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ