ҰСТАЗ АНАНЫҢ ХАТЫ

0

Қадірлі ұстаз, аяулы ана Қаламқас Маймақованың есімі Кенен ауылы тұрғындарын елең еткізбей қоймайды. Математика пәнінен ұзақ жылдар ауыл мектебінде мұғалім болған, адалдықты ту етіп, шәкірттеріне тек білім беріп қана қоймай, өмірлік тәрбие де сіңіре білді. Қаламқас апайдың әр сабағы тәртіпке, ұқыптылыққа және жауапкершілікке негізделген еді.

Апайымыздың өз қолымен жазып кеткен естелік хатын оқып, көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім.

«Әкем Тілеубердиев Маймақ, жешем Әштай Жамбыл облысы, Красногор ауданы Иірсу ауылында тұрды. Ата-аналарым мал шаруашылығын дамытуға айрықша үлесін қосты. Еңбегі үшін әкем «Еңбек қызыл Ту» орденімен награтталды. Колхоз басқармасының орынбасары қызметіне көтерілді, бірнеше медальдарға ие болды. Елдің соғыс зардабынан қыйналып тұрған кезі. 1944 жылы мектепке барып, 1950 жылдың желтоқсанына дейін оқып, әке-шешем ел-жұртымен бірге болғысы келіп Соғандыға көштік, 1951 жылы 7 сыныпты Соғандыдан бітіріп, Алматыдағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық учелищеге түсіп, үздік дипломмен бітіріп, Қордай ауданының Блоговешенко, Соғанды ауылында мұғалім болып істедім. 1968 жылы Алматыдағы Абай атындағы пединститутты бітіріп, Кенен ауылындағы мектепте математика пәнінің мұғалімы болып жұмыс атқардым. Ұстаздық еңбегімді бағалап, «Көп жылғы адал еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан Жамбыл облыстық атқару комитетінің шешімімен және тағы басқа медальдармен марапатталдым.

1968 Кенен ауылындағы мектепке математика пәнінен мұғалім болып жұмыс атқарып жүріп сол ауылған келін атандым. Санақ есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, Ботабек әулетінің келіні болдым. Бұл әулет ауыл ішінде сыйлы еңбегімен танылған отбасы. Қайын атам – ұлы Отан соғысынан «Қызыл жұлдыз» орденімен, ерлігі үшін медалдармен және бейбіт дәуірде еңбегі үшін Ленин орденімен мараптталған жан еді. Осындай өнегелі отбасына келін болып түсу мен үшін үлкен жауапкершілік болды.

Қайын атам мен енемнің тәрбиесі, олардың өмірге деген көзқарасы маған көп нәрсе үйретті. Бұл шаңырақта да мен сыйластық пен еңбектің қадірін терең түсіндім. Бүгінде сол бір кезеңдерді еске алсам, жүрегімде жылылық ұялайды. Біздің көршіміз қазақтың атақты ақыны, дархан даланы асқақ әнімен тербеткен, көңілді күйге бөлеген, халқымыздың талантты, айтулы әншісі, көрнекті композиторлар дәстүрін ілгері дамытқан өнерпаз, сал-серінің соңғысы Кенен Әзірбаев атамыз еді. Жоқшылық пен кедейшіліктің тауқыметін көп тартқан атамыз сол өзі сүрген ортаның озық дәстүрінде тәрбиеленіп, Шөже мен Жамбыл, Сарбас пен Ноғайбай сияқты өнерпаз жақсылардан өнеге алғаны, айтқан әнгімелерінен естеліктерінен байқалатын. Кенен ата тұрған Иірсу ауылында мен өмірге келіппін, қызы Төрткен мен бір жүріп, балалықты өткіздік. Атамыздың үйі мен біздің үйдің арасында үй жоқ іргелес еді. Мен келін болып түскенде, үйге келіп, орның құтты болсын, сен келін емессің, қызымсың деп маңдайымнан сүйгені бүгінгі күнге дейін есімде. Қолында кішкентай домбырасы бар, аяңдап басып, қаймақ қатқан, қызыл күрең шай ішуге келдім деуші еді. Құшақ жая қарсы алып, бар жақсыны алдына жайып, атамыздың өткен кеткен әңгімесін естіп, шай құйып беруші едім. Сонда отбасының ұйтқысы бола білу, кеш жатып, ерте туру, пейілі кең, дастарханды болу, адалдық, жақсы келіндерге тән, үлгі, өнеге боларлық тәрбиелік мәні бар өсиеттерін айтып отыратын. Атаның қасқа атына мініп, шыққан кездегі отырысы, қамшысын сермеуі ерекше көрініс еді. Ауласында жоңышқа өсіретін, шалғыны құлаштай сермеп шөп шабатын, шапқанына қызыға қараушы едім. Тамақ дайын болған кезде, ата үйден түскі ас ішіңіз, шаршадыңыз ғой дедім. Оның рас, бір қатар ғана шабатын жер қалды, бірақ шаршап та қалыпын деді. Ата жуына беріңіз деп, сол қатарды мен шауып бітірдім. Атаның алғысы мен батасын көбірек алдым. Атамызға Қазақстаннан ғана емес, туысқан республикалардан да көп қонақтар келетін қонақтарды Дина келіні мен бірге талай жүгіріп күтістім. Атамыздың салған әсем әндері, үні құлағымнан әлі кетпейді.

Мұрат КЕНЕНОВ, К.Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.