Әділ сот – құқықтық мемлекеттің басты тірегі

0

Мемлекеттің құқықтық тұрғыдан дамуы, ең алдымен, заң үстемдігі мен сот жүйесінің тәуелсіздігіне байланысты. Жаңа Конституцияда осы бағыттарға басымдық беріліп, сот билігінің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы конституциялық мәртебесі айқындалды. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген Ата Заң сот төрелігінің әділдігі мен сот органдарының дербестігін қамтамасыз ететін маңызды нормаларды бекітті.

Конституциялық талаптарға сәйкес, ел аумағында сот төрелігін жүзеге асыру құқығы тек соттарға тиесілі. Сот билігі азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және заңда көзделген басқа да іс жүргізу тәртіптері арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар арнаулы және төтенше соттарды құруға тыйым салынады. Бұл – барлық азаматтың заң алдында теңдігін қамтамасыз ететін ортақ құқықтық жүйенің негізі.

Сот жүйесінің әділ жұмыс істеуінің басты шарты – судьялардың тәуелсіздігі. Жаңа Конституцияда судьялардың шешім қабылдау барысында тек Конституция мен заң талаптарына сүйенетіні нақты белгіленген. Сот қызметіне қандай да бір тұлғаның немесе органның араласуына жол берілмейді. Мұндай әрекеттер заң аясында жауапкершілікке негіз болады. Осы арқылы сот шешімдерінің бейтарап әрі объективті қабылдануына құқықтық жағдай жасалады.

Бұдан бөлек, сот процесіндегі әділдік қағидаттары да конституциялық деңгейде қорғалған. Әр азаматқа сот отырысында өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беріледі. Айып тағылған адам өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, ал кінәлілігіне қатысты сейілмеген күмән айыпталушының пайдасына шешіледі. Заң талаптарын бұза отырып алынған айғақтар сотта дәлел ретінде пайдаланылмайды. Мұның барлығы адамның әділ сот талқылауына деген құқығын қамтамасыз етеді.

Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетіктерінің бірі ретінде соттардың Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндігі де маңызды орын алады. Егер сот қаралып жатқан іске қатысты заңның немесе нормативтік актінің Конституцияда кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарға қайшы келетінін анықтаса, іс жүргізуді тоқтатып, Конституциялық Сотқа өтініш жолдауға міндетті. Бұл – құқықтық нормалардың Ата Заңға сәйкестігін бақылауға мүмкіндік беретін маңызды тетік.

Сот жүйесіндегі мемлекеттік органдардың өкілеттіктері де нақты айқындалған. Жоғарғы Сот азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және басқа да істер бойынша жоғары сот органы болып саналады. Оның судьяларын Құрылтай Президенттің ұсынысы мен Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы негізінде сайлайды. Ал жергілікті және өзге соттардың судьяларын Президент Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымына сәйкес тағайындайды. Бұл тәртіп сот кадрларын іріктеудегі кәсібилік пен институционалдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Жалпы алғанда, жаңа Конституцияда бекітілген сот саласындағы нормалар елдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға, сот төрелігінің сапасын арттыруға және азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға негіз қалайды.

Әділ сот – қоғамның мемлекетке деген сенімін қалыптастыратын маңызды институт. Заң бәріне ортақ болып, сот тәуелсіздігі нақты қамтамасыз етілген жағдайда ғана азаматтардың құқықтары толық қорғалып, құқықтық мемлекет қағидаттары берік орнығады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.