Әділетті мемлекет құру үшін заңның үстемдігі ғана емес, оны жүзеге асыратын сот жүйесінің де тәуелсіз болуы аса маңызды. Осы ұстанымдар жаңа Конституцияда кеңінен көрініс тауып, сот билігінің қоғамдағы орны мен азаматтардың құқықтарын қорғаудағы жауапкершілігі күшейтілді. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген конституциялық нормалар сот төрелігін жүзеге асырудың негізгі бағыттарын айқындап берді.
Ата Заңда сот төрелігін жүргізудің айрықша құзыреті сот органдарына берілген. Яғни ешбір мемлекеттік орган немесе өзге құрылым соттың орнына шешім қабылдай алмайды. Азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және заңда қарастырылған өзге де сот ісін жүргізу түрлері арқылы құқықтық даулар қаралады. Ал төтенше немесе арнаулы соттардың құрылуына жол берілмейді. Бұл сот жүйесінің біртұтастығын және азаматтардың заң алдындағы теңдігін сақтауға мүмкіндік береді.
Конституцияның маңызды бағыттарының бірі – судьялардың тәуелсіз қызмет етуіне кепілдік беру. Сот шешімін қабылдау кезінде судья ешкімге тәуелді болмай, тек қолданыстағы заңнама мен Конституцияны басшылыққа алуы тиіс. Сот жұмысына сырттан қысым жасауға немесе оның шешіміне ықпал етуге заңмен шектеу қойылған. Демек, сот төрелігінің басты өлшемі лауазым немесе қоғамдық мәртебе емес, заң мен дәлел болуы керек.
Сонымен қатар жаңа конституциялық ережелер сот процесіне қатысушылардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударады. Әр адам өз ойын еркін жеткізіп, сотта қорғану мүмкіндігіне ие. Қылмыстық жауаптылыққа тартылған азамат өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге міндеттелмейді. Кінәға қатысты анықталмаған күмән айыпталушының пайдасына қарастырылады. Ал заңсыз тәсілдермен алынған дәлелдер сот шешіміне негіз бола алмайды. Бұл талаптар әділ сот талқылауының негізгі кепілдіктерін қалыптастырады.
Конституциялық бақылау жүйесіндегі соттардың рөлі де айрықша. Істі қарау барысында сот қолданылуға тиіс заңның немесе нормативтік құқықтық актінің азаматтың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіретінін байқаса, сот ісін уақытша тоқтатып, мәселені Конституциялық Соттың қарауына жіберуі қажет. Осылайша азаматтардың құқықтарына қайшы келетін нормалардың қолданылуына жол бермеудің құқықтық жолы қарастырылған.
Жоғары сот органы ретінде Жоғарғы Соттың құзыреті азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және басқа да сот істерін қамтиды. Жоғарғы Сот судьяларын сайлау Құрылтайдың құзыретіне жатады және ол Президенттің ұсынысы мен Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы негізінде жүзеге асырылады. Ал жергілікті және өзге соттардың судьяларын Президент Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы бойынша тағайындайды. Мұндай жүйе сот корпусын қалыптастырудағы жауапкершілікті нақтылайды.
Сот жүйесіне енгізілген конституциялық өзгерістердің мәні жекелеген құқықтық нормаларды жаңартумен шектелмейді. Ең бастысы – азаматтың құқығын қорғауды мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде бекіту, соттың дербестігін сақтау және заңның үстемдігін қамтамасыз ету.
Себебі әділеттілік қағаз жүзіндегі қағида болып қалмауы тиіс. Ол әрбір азаматтың күнделікті өмірінде сезілуі керек. Тәуелсіз сот, әділ шешім және заң алдындағы теңдік – берік құқықтық мемлекеттің ажырамас негіздері.