Еліміздің Ата Заңында адам капиталы, білім, ғылым және инновацияларды дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде белгілінген.
«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында ғылым, білім және өндіріс өзара байланыссыз жұмыс істеп келген жүйеден бас тартып, экономика сұранысына тікелей қызмет ететін, әрі жаңа өндіріс салаларын қалыптастыратын біртұтас «ғылым – білім беру – өндіріс» моделіне көшу жарияланды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми сайтында жарияланған мәліметтерге сәйкес соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есе өсті. 2023 жылдан бастап ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар екі еседен астам өсіп, 2026 жылға қарай 121,5 млрд теңгеден 260 млрд теңгеге ұлғайған. Сонымен қатар, 2025 жылы 241 инновациялық жобаның іске асырылғаны, 1 200-ден астам зерттеудің аяқталғаны және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағдарламаларының кеңейтілгені хабарланған.
Алайда еліміздегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырудың экономикалық әсері туралы ақпарат қолжетімді емес. Зерттеу жұмыстарының шамамен 80%-ы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады.
Бюджет тапшылығы жағдайында қаржыландыру көлемі мен іске асырылған жобалардың саны ғана емес, мемлекет салған инвестициялардың нақты қайтарымын бағалау маңызды.
Құрметпен, «Әділет» партиясы Фракциясының депутаты Т. Адамбеков